379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қазақстан мен Жапония арасында ынтымақтастықтың келешегі қалай болмақ

  • 165
  • UPD: 23:28, 24.03.2019

Қазақстанда болған соңғы саяси оқиғаларды әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты хабарлап, сараптап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Және көптеген елдер оның екіжақты ынтымақтастыққа қалай әсер ететінін елеп-екшей бастады.

Жапония – Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі. Инвестиция көлемі бойынша ол алғашқы ондыққа кіреді. Екі мемлекет арасында даулы мәселелер, мүдделер қайшылығы жоқ. Бірақ депутат Такэо Кавамура арадағы саяси байланысты күшейту қажет дейді.

Такэо Кавамура, Жапония парламенті қауымдар палатасының депутаты:

- Меніңше, Қазақстан кім басқаратынына қарамастан келешекте қарқындап дами береді. Достық пен сенімге негізделген екіжақты қарым-қатынасымыз одан әрі жалғасады. Біз «Қазақстанмен достық жапон парламенттік лигасының» мүшелерін көбейтуді қалаймыз. Бұл екі ел парламенті депутаттарының байланысын күшейтеді. Жыл сайын парламентаралық кездесу өткізіп тұруға дайынбыз.

Қазақстан Жапониямен тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жақсы қатынас орнатып, барлық салада ынтымақтастықты дамытуда. Қазір елімізде 70-тен астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Басты инвесторлардың қатарында «Марубени» бірлестігі бар. 25 жыл ішінде бұл компания 3 миллиард доллар қаржы құйған.

Мицуаки Арито, Marubeni бірлестігінің ТМД және Еуропа елдері бойынша бас менеджері:

- Marubeni корпорациясының Қазақстанмен ынтымақтастығын өзгертуге деген ниеті жоқ. Керісінше, алдағы уақытта серіктестікті одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз. Тұңғыш Президент Назарбаевтың күш салуымен Қазақстанда инвестициялық климат жақсарды. Жақында Президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың белгілеген бағыты бойынша жаңа Қазақстанды құрады деп ойлаймын.

Кэй Карасава, экономика ғылымдарының докторы:

- Жапондықтар үшін Қазақстан мұнай, табиғи газ сияқты өзінің бай ресурстарымен, қара уылдырықты балықтарымен, кең байтақ жерімен танымал. Орталық Азияның кіндігіндегі кең байтақ жер Еуропа мен Азияны байланыстырып тұр. Бұл – екі елдің экономикалық қатынасын күшейтуге мүмкіндік беретін бірегей артықшылық. Сондықтан Қазақстанға инвестиция салам деуші компаниялар көбейеді деп сенемін. 

Авторы: Әйгерім Оразалиева

Телеканал Хабар 24