378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қ.Тоқаев Семей жұртшылығымен кездесті

  • 273
  • UPD: 19:06, 26.04.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды.

Әуелі Семейге соғып, қаланың тыныс-тіршілігімен танысқан Президент жергілікті жұртшылықпен кездесіп, тілдесті. Бұл, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтпақшы, халықтың көңіл-күйін білудің төте жолы. Осыдан кейін Мемлекет басшысы бірқатар әлеуметтік, мәдени маңызы бар нысанды аралап, өңірде мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысып, өз бағасын берді.

Оңтүстік пен батыстан кейін Мемлекет басшысының жолы Шығыс Қазақстанға түсті. Алғаш тоқтаған қаласы – Семей. Адамзаттың ядролық қарудан өз еркімен бас тартуға алғаш қадам жасаған бейбітшіліктің қаласы Семейдің ядролық қарусыз әлем символына айналуына Қасым-Жомарт Тоқаевтың да еңбегі сіңді. БҰҰ-да қызметте жүріп Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын әлем лидерлерін қолдауға үндеді.

Президенттік борт Семей халықаралық әуежайына межеленген уақытта қонды.

Траптан-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр ғана жөндеуден өткен әуежайдың ұшып-қону жолағы, жаңарған ғимараты таныстырылды. Жөндеу «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өтті. Қазір Семей әуежайы ішкі рейстермен қатар бірнеше халықаралық бағытта жолаушы тасымалдайды. Осыдан кейін Мемлекет басшысына «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы таныстырылды. Шаһарда жалпы саны 27 мемлекеттік маңызды жоба қолға алынған. «Рухани жаңғырудың» негізінің бірі Абайдың шығармашылығы болуы тиіс», – деді Президент.

175 жылдықты мемлекеттік деңгейде атап өту үшін тиісті шараларды қабылдауға Үкіметке тапсырма берілді. Сонымен қатар ұлы ақынның әкесі Құнанбайдың есімін ұлықтау қажеттілігіне тоқталды. Осыдан кейін «кешегі Семей полигонының зардабын тартқан халыққа қамқорлық көрсету керек» деп Үкіметке тағы тапсырма жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан Қазақстанда атом электр станциясын салу тақырыбын да айналып өтпеді. Ядролық қарудың қасіретін жақсы білетін семейліктердің алдында Мемлекет басшысы: «шешім халықтың пікірін ескеріп қабылданады» деп уәде берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- АЭС салу туралы әңгіме қазір халық арасында қызу талқыланып жатыр. Бұл – өте өзекті мәселе. 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясының тапшылығы сезілуі мүмкін. Сондықтан мұның алдын алу керек. Тиісінше бұл тақырыпты талқыға салмайынша, жұртшылықтың пікірі ескерілмейше, атом электр станциясы салынбайды.

Осыдан кейін Президентпен кездесуге келген қоғам белсенділері сөз сөйледі.

Жасы үлкен кісінің сөзін бөлмей соңына дейін тыңдап шыққан Тоқаев өзіне тән дипломатиялық әдеппен көпшілікке: «Мені емес, қаланың жайын талқылайық» деп өтініш білдірді.

Ал қаланың түйінді мәселелері жоқ емес. Мысалы, үш көпірдің екеуі апатты жағдайда. Шаһар ішіндегі жолдардың 20 процентінің тозығы жеткен. «Дегенмен жол жөнделіп жатыр, оны мойындау керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2017 жылы Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға арналған 5 жылдық кешенді бағдарлама аяқталды. Оның жүзеге асуымен мен таныстым. Аталған бағдарлама арқылы шаһардағы коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылым дамиды. Жылумен жабдықтау жүйелері жаңартылып, қаланы абаттандыру ісіне басымдық беріледі. Халықтың тұрмысын жақсарту біздің басты мақсатымыз болып қала береді. Қазір 350 мың адамы бар қаланың жылдық бюджеті 56,5 миллиард теңгені құрайды. Сондықтан мен жергілікті билік өкілдеріне қаланы 2025 жылға дейін өркендетудің жаңа бағдарламасын жасауды тапсырамын. 

Кездесуді тәмамдап, Президент бастаған делегация Семей қалалық ауруханасына барды. Бұл – тек өңірде емес, еліміз бойынша америкалық озық аппараттармен жабдықталған жалғыз медициналық мекеме.

Семей қалалық жедел медициналық жәрдем ауруxанасы «100 мектеп – 100 ауруxана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Оның бірегейлігі Қазақстанда ғана емес, посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ гибридті операция бөлмесі бар. Оған орнатылған ангиограф аппараты адам ағзасында болуы мүмкін барлық ауруды анықтай алады. Орталықта жыл сайын 3 мың операция жасалады. Демек Семей қаласы мен өңір тұрғындары ешқайда сабылмай-ақ түрлі дерттің емін осы ауруxанадан таба алады.

Ерлан Бүркітов, Семей қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының директоры:

- Гибридті деген екіге бөлінеді. Ашық жасауға болады. Одан қалды тамырдан ғана стенд қоямыз. Жүрекке, миға, стенд қоя алмай жатсақ, ашуға да болады.

Демек операциялар пышақ тигізбей жасалады. Денсаулық сақтау саласына оң баға берген Мемлекет басшысы осыдан кейін Қарағайлы шағын ауданындағы құрылыс алаңына барды. «Абай Арена» деп аталатын мәдени-спорт кешенінің айналасында тұтас бір қала бой көтерген. Мына үйлер «7-20-25» Мемлекеттік бағдарламасы аясында сатылып жатыр. «Нұрлы жер» бойынша 150 пәтер өз иесін тапқан. Осы бағдарлама арқылы Қарағайлы шағын ауданынан 368 баспананың кілтін табыстау жоспарда бар. Назарбаев зияткерлік мектебі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрса, білім мекемелерінің қатары жақын арада тағы 4 мектеп, 5 балабақшамен толығады. Болашақта 25 мың адам тұратын қалашықта сапалы өмір сүруге қажетті инфрақұрылымның бәрі бар.

Жұмабек Ибраев, «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің жобалық үйлестірушісі:

- Мұндай орталық Семейде ғана емес, облыста болмаған. Әртүрлі орталықтар болады ғой. Бассейн бөлек болады, ойын-сауық орталығы бөлек болады. Ал енді барлығын қосып тұрған бірінші нысан осы.

Олимпиадалық бассейн, бес мың көрермен сыятын зал, ойын-сауық орталығы, барлығы бір шатырдың астында. Құрылыс жұмыстары болашақта да жалғаса береді. «Туған жер» бағдарламасы барда Семей сияқты шағын қалалардың дамуы тоқтамайды. Оны мемлекет қатаң бақылауда ұстамақ. Ал халықтан көмек – аянбай еңбек ету, білім-ғылым игеру және ең бастысы, Қазақстанды бүгінгі дамуға дейін алып келген ауыз біршілігін, ынтымағын сақтайық», – деді Президент.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Айдос Меделбеков

Телеканал Хабар 24