426,04 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Сенаторлар сегіз заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр

  • 276
  • UPD: 15:05, 15.02.2021
Сенаторлар сегіз заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр

Палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы болды.

Онда депутаттар 18 ақпанда өтетін Сенаттың алдағы отырысының күн тәртібін талқылады.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Заң жобасы заңдардың сапасын арттыруға, норма шығару процесін цифрландыруға және оған жұртшылықты кеңінен тартуға бағытталған. Мәселен, заң жобаларын әзірлеудің барлық сатыларында сүйемелдеп отыратын «Е-заңнама» электрондық жүйесін енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаторлар отырыста сонымен қатар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да талқыға салатын болды. Осы құжатқа сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар жобалау құжаттарын дайындау кезінде уран өндірудің зардаптарын жою жобасын да әзірлеуі тиіс. Одан басқа, уран кен орны қорлары көлемінің өсуі артқан жағдайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаржы бөлуге де міндетті болады.

Сенаторлар осы сессияда өздерінің бастамасы бойынша әзірлеуді жоспарлаған 8 заң жобасын да талқылады.

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтыруларды және сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөніндегі басқа да заңнамалық актілерді дайындауға ниеттеніп отыр. 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің енгізілуіне байланысты әкімшілік әділет жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар қатысатын сот процестерінде азаматтардың кепілдіктері мен құқықтарын арттыру осы жұмыстың нәтижесі болуға тиіс.

Депутаттардың бастамасы бойынша әзірленетін Салық кодексіне түзетулер бизнестің жаңа субъектілеріне неғұрлым қолайлы бизнес орта мен инвестициялық ахуалды қалыптастыруға көмектесетін болады. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңға өзгерістер омбудсмен мәртебесін заңнамалық реттеуді көздейді. Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, елді мекендерді салуды жоспарлау және құрылыс жобаларын әзірлеу сапасын арттыру жөніндегі жаңа ережелерді бекітуді жоспарлап отыр. Сенаторлар әзірлеп жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасындағы өзгерістер әлеуметтік қауіпсіздікті арттырып, ғалымдарға лайықты жағдай жасайтын болады. Одан басқа сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлейтін болды. Ол құжат органикалық өнім өндірісінің ұлғая түсуін және экологиялық таза өнім экспортын қамтамасыз ету үшін оны өндірушілерді экономикалық ынталандыруға бағытталған.

Сенаторлар отырыс барысында арасында Мәжілістен келіп түскен бірқатар заң жобасын тұрақты комитеттерге бөліп берді.

 

Телеканал Хабар 24