389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Астанада бокстан әйелдер арасындағы халықаралық турнир аяқталды

  • 895
  • UPD: 11:21, 18.03.2019
Астанада бокстан әйелдер арасындағы халықаралық турнир аяқталды

Марина Вольнова атындағы дәстүрлі додаға биыл Ресей, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғыз Республикасының бұрымдылары қатысты.

Еліміздің атынан ұлттық құрама үздіктері мен өңірлердің құрамалары сынға түсті. 5 күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жалпы есепте Астана боксшылары топ жарды. Олардың еншісінде 3 алтын мен 1 қола жүлде бар. Екінші орынды ұлттық құрама спортшылары иеленді. Украина арулары үздік үштікті түйіндеді. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық турнир жыл сайын өтетін болады. 

Марина Вольнова, бокстан Олимпиаданың қола жүлдегері:

- Моңғолия, Ресей, Украина бізге сборға келген. Сборды бірге өткізіп, техника мен тактиканы алмасып, енді рингте кездесіп жатыр. Осы жарысты біз соған бола ұйымдастырып жатырмыз.

Клубтар арасындағы әлем чемпионатына 24 команда қатысады

- ФИФА клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын командалар санын 24-ке көбейтеді. Желтоқсан айында алты құрлық чемпиондары мен қабылдаушы елдің мықтысы ғана қатысатын жай ғана турнир толыққанды біріншілікке айналады. Бұл туралы ФИФА президенті Джанни Инфантино Майами қаласындағы кеңес отырысында мәлімдеді. Төрт жылда бір өтетін чемпионатқа Еуропадан сегіз, латын Америкасынан алты клуб қатысады. Африка мен Азияға, Солтүстік және Орталық Америкаға үш-үштен орын бұйырды. Бір команда мұхиттар аймағынан шығады. Клубтар арасындағы алғашқы әлем чемпионаты 2021 жылы 17 маусымда басталады.  

Неміс бундеслигасында «Бавария» топ бастады

Мюнхен командасы еурокубок додасынан ерте шығып қалғанымен ішкі біріншілікте қарсылас шыдатар емес. 26-турда «Майнцты» қабылдаған Ковач шәкірттері қонақтар қақпасына жауапсыз алты доп соқты. Үшінші минутта Роберт Левандовски есеп ашты. Сосын Хамес Родригес кезек алды. Колумбиялық футболшы «Майнц» қақпасын үш мәрте дәл көздеп, хет-триктің авторы атанды. Арасында Кингсли Коман да мергендік танытты. Матчқа Альвонсо Дэвис нүкте қойды. Алаңға екінші таймда қосылған ойыншы 70-минутта қорытынды нәтижені белгіледі. Қарсыласының шамасын байқаған «Бавария» футболшылары қалған уақытта аса белсенген жоқ. 60 ұпай жинаған Мюнхен командасы кезекті чемпиондық атаққа жақындай түсті. Алайда Дортмундтың «Боруссиясы» да 60 ұпаймен оларды өкшелеп келеді.

Индиан-Уэллсте Андрееску топ жарды

Канадалық теннисші Бьянка Андрееску Индиан-Уэлстегі айтулы жарыста топ жарды. 18 жастағы теннисші «премьер» санатындағы турнирдің финалында германиялық Анжелик Кербердің осал тұсын тапты. Есеп: 6:4, 3:6, 6:4. Маусымды 150-рейтингпен бастаған Андрееску 60-шы сатыға көтерілді. Кербер «премьер» санатындағы сайыстардың финалына төрт мәрте шығып, төртеуінде де жеңіліп қалды.

Телеканал Хабар 24