378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Э.Тұрсынбаева Жапониядағы біріншілікте үшінші орында келеді

  • 341
  • UPD: 10:59, 21.03.2019
Э.Тұрсынбаева Жапониядағы біріншілікте үшінші орында келеді

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпионатын сәтті бастады. Жапонияда өтіп жатқан дүниежүзілік біріншілікте жерлесіміз үздік үштіктің қатарында келеді.

Тұрсынбаева қысқа бағдарламада 75,96 ұпай жинап, үшінші орынға жайғасты. Ресейлік Олимпиада чемпионы Алина Загитова 82 ұпаймен топ бастады. Екінші орында жапон қызы Каори Сакамото тұр. Оның еншісінде 76,86 ұпай бар. Қыздар арасындағы негізгі бағдарлама ертең өтеді. Шешуші сын Астана уақытымен күндіз екі жарымда басталады.

«Барыс» Гагарин кубогінің плей-офф сериясындағы төртінші ойында «Авангардтан» 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Алғашқы кезеңде есеп ашылған жоқ. 27-ші минутта Омбы командасы сапынан Александр Яремчук көзге түсті. «Барыс» хоккейшілері жылдам қарымта қайтарды. Мэтью Фреттин айдындағы сан басымдығын сәтті пайдаланып, «Авангард» қақпашысын қапы қалдырды. Үшінші кезеңде «Барыс» қақпашысы қателесті. Хенрик Карлссон Максим Чудиновтың алыстан жасаған соққысына тосқауыл бола алмады. «Авангард» ойыншысы 55-минутта тағы бір мәрте мергендік танытып, матчқа нүкте қойды. Жалпы есеп: 3:1. Омбы командасы шығыс конференциясының финалдық кезеңіне жақындай түсті. Ертең Астанада бесінші ойын өтеді. «Авангард» жеңіске жетсе, жарысты жалғастырады.   

Шымкентте футболдан Қазақстан кубогінің алғашқы іріктеу кезеңі басталды. Бірінші және екінші лига командалары төрт топқа бөлініп, өзара кім мықтыны анықтайды. Әр топтың жеңімпазы 1/8-ші финалға жолдама алып, премьер-лига командаларымен жұп құрайды. Алғашқы турда «Алтай» «Рузаевканы» 4:0 есебімен жеңсе, «Қызылжар» - «Екібастұз» кездесуі тең аяқталды. Есеп:1:1. Б тобында Оңтүстік Академиясының футболшылары алға шықты. Бүгін тағы екі топтың командалары кездеседі. «Игілік» «Ақсумен» ойнаса, «Каспий» «Мақтааралмен» шеберлік байқасады. Ел кубогінің іріктеу кезеңі 27-ші наурызда аяқталады.   

Астанада шорт-тректен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Мың жарым метрлік қашықтықта Әділ Ғалиахметов топ жарды. Ол финалда ұлттық құрама мүшесі тәжірибелі Нұрберген Жұмағазиевтен озып кетті. Әйелдер арасында Ольга Тихонова жеңіске жетті. Эстафеталық жарыста Қостанай командасы ел чемпионы атанды. Олар аралас эстефетада да озды. Ерлер сайысында Павлодар спортшылары алға шықты. 

Грекия жерінде тұтанған олимпиада алауы Токио қаласына жетті. Жапония астанасында 2020-шы жылғы жазғы олимпиада ойындары өтеді. Кешенді сынның алауы цунамиден зардап шеккендерге арналған мемориалды саябаққа тоқтады. Олимпиада алауының эстафетасы 26-шы наурызда Фукусимадағы футбол орталығынан басталады. Ол 121 күннің ішінде күншығыс елінің 47 өңірін аралап шығады.

Телеканал Хабар 24