384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


«Сарыарқа» жоғарғы хоккей лигасының плей-офф сериясында жартылай финалға шықты

  • 727
  • UPD: 12:22, 27.03.2019
«Сарыарқа» жоғарғы хоккей лигасының плей-офф сериясында жартылай финалға шықты

«Сарыарқа» Ресей жоғарғы хоккей лигасының плей-офф сериясында жартылай финалға шықты. Қарағанды командасы сырт айдындағы шешуші жетінші кездесуде Альметьевтің «Нефтянигін» 3:1 есебімен жеңді. «Сарыарқа» финалдық жолдаманы Санкт-Петербургтың "СКА-Нева" клубымен сарапқа салады.

Шымкентте футболдан Қазақстан кубогының алғашқы іріктеу кезеңі аяқталады. Бірінші және екінші лига командалары арасында «Алтай» алғашқы болып ел кубогының 1/8- финалына жолдама алды. Өскемен командасы «Қызылжар» мен «Екібастұздан» озып кетті. «Оңтүстік академиясы» да келесі кезеңде жарысты жалғастырады. Олар өз тобында топ жарды. Бүгін Қазақстан кубогында ойнайтын тағы екі команда белгілі болады. Әзірге «Қыран» мен «Каспий» өз топтарында алда келеді.  

Fралас жекпе-жектің шебері, UFC тұжырымының бірнеше дүркін чемпионы Конор Макгрегор спорттық мансабына нүкте қойғанын мәлімдеді. Ирландиялық спортшы бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, көне көз әріптестеріне сәттілік тілеймін деген жазба қалдырды. Конор сайыс алаңындағы күшті соққысымен жанкүйерлердің есінде қалды. Алаң сыртындағы әпербақан атымен әлемге танылған Макгрегор UFC-дегі соңғы жекпе-жегін 2018 жылдың алтыншы қазанында Лас-Вегас қаласында өткізіп, Ресейлік Хабиб Нұрмагомедовке есе жіберді. Осы жеңілістен кейін Ирландиялық спортшы қарымта кездесуге дайындалатынын хабарлаған болатын. 

Еуропа футбол клубтары қауымдастығы ФИФА-ның жаңа жобасына қарсы шықты. Бұл туралы ұйым басшысы Андреа Аньелли мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, наурыз айының басында халықаралық футбол федерациясының кеңесі клубтар арасындағы әлем чемпионатын жаңа жүйемен өткізетіндерін хабарлап, жарысқа қатысатын командалар санын 24-ке дейін көбейтеміз деді. Жоспар бойынша клубтар арасындағы әлем біріншілігі 2021 жылы өтеді. 

Андреа Аньелли, Еуропа клубтары қауымдастығы басшысы:

- Біз УЕФА аясындағы турнирлерге өзгеріс енгізуді 2024-ші жылдан кейін қолға аламыз. Қазір осы мәселеге байланысты барлық тараптармен келіссөз жүріп жатыр. Біз әлем футболының негізгі орталығында тұрмыз. Сондықтан өзгерістерге ықпал етуіміз керек. УЕФА-мен бірге жаңа чемпиондар супер-лигасы құрылады. Біз 24 команда қатысатын клубтар арасындағы әлем чемпионатына қарсымыз. Халықаралық футбол күнтізбесін қайта қарауды көздейміз. 

Чехиялық теннисші Петра Квитова Майами оупен турнирінің ширек финалына шықты. Француз қызы Каролин Гарсиядан 6:3, 6:3 есебімен басым түскен Квитова енді Австралиялық Эшли Бартимен ойнайды. Чехияның тағы бір өкілі Каролина Плишкова да жарысты жалғастырады. Ол ширек финалда отандасы Маркета Вондроушовамен кездеседі. Румыниялық Симона Халеп пен Қытай спортшысы Ван Цян өзара жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Ал Эстониялық Аннет Контавейт алғашқы болып жартылай финалға өтті.

Телеканал Хабар 24