379.46 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Нұр-Сұлтанда хоккейден әлем чемпионаты басталады

  • 256
  • UPD: 13:13, 29.04.2019
Нұр-Сұлтанда хоккейден әлем чемпионаты басталады

Шайбалы хоккей шеберлері қазақ елінің астанасына жиналды. «Барыс-Арена» мұз айдынында бірінші дивизионның алты құрамасы келер жылы Швейцарияда өтетін әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салады.

Андрей Скабелкадан тәлім алатын жерлестеріміз топ жарудан дәмелі. Жарыс қожайындары алғашқы кездесуін бүгін Стэнли кубогының екі дүркін жеңімпазы Анже Копитар бастаған Словенияға қарсы өткізеді. 

Андрей Скабелка, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Көпшілігі біздің басты қарсыласымыз Беларусь құрамасы екенін айтады. Алайда Словения да мықты команда. Олардың сапында құрлықтық хоккей лигасы мен шетелдерде ойнайтын хоккейшілер көп. Сондықтан Словенияны қатардан шығаруға болмайды. Венгрия мен Оңтүстік Кореяның да жай әншейін келмегені белгілі. Литваның ғана деңгейі төмендеу.

Әлем чемпионатының басталуына бір күн қалғанда Андрей Скабелка ұлттық құрама тізімін жариялады. Таңдаулы 23 хоккейшінің қатарында Талғат Жайлауов та бар.

Талғат Жайлауов, Қазақстан құрамасының шабуылшысы:

- Шақырылғандар тізімінде жоқ екенімді Бұқаралық ақпарат құралдарынан көрдім. Бір тәулік бойы көңілсіз жүрдім. Сосын басшылық тарапынан хабарласып, құрама сапында жаттығуға шақырды. Енді міне, командамен біргемін. Бас бапкермен сөйлестім. Ол маған қатысты өз талаптарын айтты.

Барыс-Аренадағы алғашқы ойындар бүгін сағат 12:30-да басталады. Венгрия Оңтүстік Кореямен кездеседі. Қазақстан кешкі сегізде Словениямен айдынға шығады.

«Қайрат» футзалдан УЕФА чемпиондар лигасының финалында Португалияның «Спортинг» командасынан жеңіліп қалды. Алматыда өткен шешуші ойын 2:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Үш доп та екінші таймда соғылды. «Спортинг» сапынан Кавинато мен Алекс Мерлим мергендік танытса, «Қайрат» ойыншылары арасынан Дуглас Жуниор жауап қатты. Үшінші орын «Барселонаға» бұйырды. Каталония командасын Алматылықтар жартылай финалда жеңген болатын.  

Австриялық теннисші Доминик Тим Барселона турнирінде топ жарды. Ұтыс қоры 3 миллион долларды құрайтын жарыстың финалында ол ресейлік Даниил Медведевтен басым түсті. Есеп: 6:4, 6:0. Естеріңізге сала кетейік, Тим жартылай финалда осы турнирдің 11 дүркін жеңімпазы Рафаэль Надальдың осал тұсын тапты.

Теннисші қыздар Штутгарт турнирінің мықтысын анықтады. Германияда чехиялық Петра Квитова топ жарды. Финалда ол эстониялық Анетт Контавейттен айласы асырды. Есеп: 6:3, 7:6. Теннисшілер кортта бір сағат 31 минут өткізді. 29 жастағы чех қызы осы жеңістен кейін 470 рейтингілік ұпайын еншілеп, 150 мың доллар қаржыға қол жеткізді. 

Лондон марафонында Кениялық желаяқтар жеңіске жетті. Әлемдегі ең айтулы жарыс саналатын сайыстың жүлделерін қара құрлық өкілдері өзара бөлісті. Ерлер арасында Элиуд Кипчоге топ жарды. Ол қашықтықты 2 сағат 2 минут 37 секундта жүгіріп өтті. Кипчоге қатарынан төртінші жыл ешкімге дес бермеді. Екінші, үшінші орындар Эфиопия жеңіл атлеттеріне бұйырды. Атақты Мо Фара бесінші орында қалып қойды. Әйелдер арасында кениялық Бриджид Косджей озды. Ол мәреге 2 сағат 18 минут 20 секундта келді.

Телеканал Хабар 24