378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Ұлттық дәстүрді дәріптеуші сері садақ ату өнерін жаңғыртуды көздейді

  • 199
  • UPD: 00:02, 04.05.2019

Ақтөбеде сал серілер бас қосты. Ұлттық спортты жаңғырту мақсатында өткен жиынға еліміздің барлық аймағынан азаматтар жиналған. Саятшылар мен аңшыларды және балықшыларды біріктірген ұйымның бұл осымен 7-симпозиумы. Ал батыс өңірде басқосу алғаш рет ұйымдастырылған.

Ұлттық дәстүрді дәріптеп жүргендердің бірі Исатай Жапарбергенов. Халық арасында садақ ату үрдісін жаңғыртуды қолға алған.

Сал серілер жиыны десе ішкен асын жерге қояды. Ер жігіттің бес қаруының бірі көпшілікке таңсық болмауы тиіс дейді. Әсіресе дәстүрлі садақты қолдана білу бүгінгі ер азаматқа да тән болуын қалайды.

Исатай Жапарбергенов, симпозиумға қатысушы:

- Мына садақ біздің ата бабаларымыздан келе жатқан садақтар. Бұл жаңағы дәстүрлі садақ. Ерекшелігі тек қана бір ағаштан жасалады. Бөлінбейді. Ешқандай несі жоқ. Қазір біздің жастардың қызығушылығы артып келе жатыр.

Саятшылық пен аңшылықты біріктірген бұл ұйым 7-рет кездесу ұйымдастырып отыр. Бұл жолы Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Орқаш орманы баурайына тоқталған. Бұл ішкі туризмді дамытып, еліміздің көркем орындарын көпшілікке паш етудің бірден бір жолы.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Орқаш орманы ерекше қорғауға алынған аймақ. Бұл жерде өсімдіктің 300-ден астам түрі өседі. Олардың отызы тіпті сирек кездесетіндер. Сонау мұз дәуірінен бастап өсіп келе жатырған папоротник тұқымдас өсімдіктер де бар. олар елімізде тек Орқаш орманында және алтай тауының бөктерлерінде ғана өседі.

Дәстүрлі шараның бүгінгі тақырыбы – қазақтың асыл қазыналары. Бәйге мен құмай тазы жарысы, қошқар көтеру мен садақ атудан сайыстар өтті. Асыл тұқымды ағылшынның, түркіменнің ақалтекесі сияқты сәйгүліктер шабысы жиі өтетіндіктен бұл жолғы аламанға қазақтың жабы аттары ғана қосылды.

Ақатай Тілеукеев, аңшы:

- Біз көшпенділерміз. Және бұл атадан балаға қанмен сіңген дәстүр. Заманауи техниканың болғанына қарамастан аңға салт атты шығып, құмай тазы қосу әлі де болса қалған емес. Біз оны одан әрі дамытып, көпшілікке дәріптеуді мақсат еттік.

 Кәмшат Ермағамбетов, симпозиум ұйымдастырушысы:

- Симпозиумның басты мақсаты еліміздің әр алуан өңірінен келген саятшылармен танысып, тәжірибе алмасу. Тақырыпты да бекер таңдағанымыз жоқ. Себебі қазақтың ұлттық дәстүрлерін өзімізден артық біліп, оны көпшілікке паш ететін адам табылмайды. Сондықтан салтымызды сақтауға әрбіз азамат үлес қосуы керек деп ойлаймын.

Сайыс қорытындысы бойынша жүйріктер мен мергендер анықталып, аңшылар ұйымы тағайындаған бағалы сыйлықтар табысталады. Бұл рәсім симпозиумның ақырғы күніне жоспарланған. Жүзден астам саятшының басын қосқан жиын үш күнге жалғасады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Телеканал Хабар 24