352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астана күні қалай аталып өтті?

  • Read 375 times
  • Media
Астана күні қалай аталып өтті?

Ондаған қазан палау, атойлатқан аламан бәйге және оркестрлер шеруі. 

Астананың туған күні биыл ерекше форматта аталып өтті. Мереке қарсаңында бас-аяғы 600-ге жуық шара ұйымдастырылады деп жоспарланған еді. Олардың негізгілеріне көпшілік бүгін куә болды.

Тойдың боларынан боладысы қызық деген бар. Астана мерейтойына дайындықты ұйымдастырушылар өткен жылы бастапты. Бөлінген қаржы да қомақты. Сондықтан көпшіліктің бұл мерекені асыға күткені анық. Қаланың түкпір-түкпірінде болған ондаған шараның арасынан «Шаттық» фестивалін ерекше атап өтуге болады. Балалар шығармашылығына арналған жарыс биыл 600-ге жуық қатысушыны жинап, өзінің ауқымы мен форматы жағынан жұртты таң қалдырды. Фестивальдің үш бас жүлдесінің екеуі қазақстандық өнерпаздарға бұйырды. Бұған қоса жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары оркестрлер шеруіне куәгер болды. Бас-аяғы 250 адамнан тұратын топ үрмелі аспаптармен әскери марштар орындап, Астана көшелерімен жүріп өтті.

Талғат Алданов, әскери оркестр сазгері:

- Әскери қызметкерлер ғана емес, әртүрлі саланың қызметкерлері келіп отыр. Бір жағы, өзіміздің өнерімізді паш ету, көрсету. Биыл Астананың 20 жылдығына арнайы «Астана кернейі» атты шығармамызды тарту етіп отырмыз.

Мәдени шаралардың тізімі бұнымен бітпейді. Әлемнің танымал фотографтары елордамызды суретке түсіріп, үздік еңбектерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл көрме шілденің 4-і мен 31-і аралығында өтетін «Aстана Эраунд ас»  фестивалі аясында ұйымдастырылды. Бұған қоса, бүгін қала тұрғындары мен қонқтары заманауи этникалық музыка фестивалін де тамашалауға мүмкіндік алды. The Spirit of Astana деп аталатын шараға 20 елден 120 өнерпаз қатысты және олар жанды дауыста туындылар орындап, өз елдері туралы танымдық интерактивті фильмдер көрсетті. Ал еліміздегі өзбектер қауымдастығы Астаның 20 жылдығына 20 қазан палау әзірледі. Студенттер саябағына келгендердің барлығы мерекелік дастарханнан ауыз тиюге мүмкіндік алды. Палаудың бір бөлігі Астанадағы балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтарға, сондай-ақ қарттар үйіне жіберілді.    

Икрам Хашимжанов, «Достық» өзбектер қауымдастығының төрағасы:

- Мемлекетіміздегі 138-ден астам этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына жинап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елдің тыныштығы, экономиканың дамуы үшін әрқашан да әр жерде жұмыс істеуге бағыттаймыз.

Астана мерейтойында тек мәдени не сауықтық шаралар ғана емес, спорттық бәсекелер де көп болды. Мәселен, Ақбұлақ өзенінде ескекшілер чемпионаты өтті. Сайысқа 50-ден аса спортшы қатысты. Олар байдарка және каноеде ескек есу бойынша бақ сынасып, үздіктері республикалық сайысқа жолдама алды.

Сонымен қатар теннисшілер де мереке аясында арнайы турнир ұйымдастырып, аса тартысты жарыс өткізді. «Астана Оупен» бәсекесі алдағы жексенбіге дейін жалғасады. «Ал Астананың 20 жылдығына арналған шаралар жыл соңына дейін өте береді», – дейді ұйымдастырушылар. 

Media

back to top
Хабар 24 телеарнасы