Қ.Тоқаев Наурыз мерекесіне орай мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты

Бүгін қазақтың екі сыйлы ақсақалы Қазақстанның еңбек ері атанды. Бірі қазақ даласын әнімен тербеткен сазгер, екіншісі салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтанудың жолын ғылыми тұрғыда зерттеген ғалым. Қасым-Жомарт Тоқаев Илья Жақанов пен Төрегелді Шармановқа марапатты өзі табыстады. Бұдан бөлек бүгін бірқатар азаматтың еңбегі еленді.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Кейінгі уақытта Ақордаға БАҚ өкілдері кірмеген. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен салтанатты жиындар мен жоғары деңгейдегі кездесулерге журналистер қатыспады. Карантиндік шектеулерге байланысты көп шара онлайн өтті. Ал бұл жолы Ақорданың орталық залы адамға толды. Президенттің қолынан марапат алуға түрлі сала мамандары жиналды.

Бұл марапатқа дейінгі көрініс. Үлкендер жағы жоғарыға жайғасқан. Бір-бірімен көрісіп қауқылдасып отыр. Жасы кішілер сол ел ағаларына сәлем беріп, құрметін көрсетіп жатыр. Енді бірі мерейлі сәтін тосып, шашын қайырып отыр. Ал еңбек ері атағын алуға келген Илья Жақанов айтар сөзін ақ қағазға түсіруде.

Тағатсыздана күткен сәт те келіп жетті. Көп ұзамай көпшілік алдына Мемлекет басшысы шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан награда алуға жиыны 80-ге тарта адам келді. Бұл жолы «Қазақтанның Еңбек Ері» атағын екі адам алды. Жоғары дәрежелі марапат әуелі композитор, жазушы Илья Жақановқа берілді.

Илья Жақанов, Қазақстанның Еңбек Ері

Илья Жақановтан соң «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын Ұлытаудан шыққан ғалым Төрегелді Шарманов алды. Қазақ Тағамтану академиясының президенті биыл 91 жаста.

Төрегелді Шарманов, Қазақстанның Еңбек Ері

Награданы тапсырып ғана қойған жоқ, Мемлекет басшысы қазақ даласын әуезді әнімен тербеген сазгер мен әдемі қартаюдың үлгісін көрсеткен академиктің ерен еңбегін атап өтті. Лайықты бағасын берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті

Ал ақын Нұржан Светқалидің кеудесіне Президент «Отан» орденін тақты. Бірінші дәрежелі Барыс орденін Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы мен жазушы Нұрлан Оразалин алды. Екінші дәрежелі «Барыс» мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринға табысталса, үшінші дәрежелі «Барыс» 8 адамға бұйырды.

Дәулет Тұрлыханов, күрес федерациясының президенті, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері:

«Парасат» бүгін 5, ал екінші дәрежелі Достық ордені бір адамға бұйырды. 40 шақты азаматтың кеудесіне Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрметті» тақты.

Ордендерден соң кезек медаль алатындарға келіп жетті. Мемлекет басшысы «Ерен еңбегі үшін» марапатын алты адамға берді. Алтаудың жартысы медиа саласының маманы болса, басқалары профессор, спортшы һәм күзетші. 

Азамат Тохбасов қаңтар оқиғасы кезінде Атырауда халыққа басу айтқан.  Жұртты ел ішіне іріткі салған бүлікшілерге ермеуге шақырған. Сындарлы сәтте азаматтық танытқан Азаматтың әрекетіне осылайша Президент лайықты бағасын берді.

Азамат Тохбасов, күзетші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

- Ағалар, інілер болып, өзіміз көшеге шығып, мәлімдеме жасап, халыққа басу айттық. Күткен жоқпын шын айтсам. Басында айтқан осылай марапаттайды деп. Басында  сенбедім. Ойладым қалжың шығар деп. Міне осындай марапатқа ие болып жатырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті

Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз  жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналасындағы адамдарға көмектесті. Жауапты сәтте жұртына қорған болып, елдіктің нағыз үлгісін көрсетті. Осындай отаншыл тұлғаларымыз жас ұрпаққа өнеге.  Халқымыз «Ер еңбегімен қадірлі» деп бекер айтпаған. Елге еңбегі сіңген жандарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетудің зор символдық мәні бар. 

Осылайша бүгін біраз адамның мерейі өсті. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы жаңа кезеңге қадам басқанымызды атап өтті. «Жаңа Қазақстан – абстракты идея емес, келешектің жарқын көрінісі» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздердің әрқайсыларыңыз ынтымақ пен бірлік құндылықтарына адалдығын іс жүзінде дәлелдеген нағыз патриотсыздар. Өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізбен, көмек қолын созуға деген шынайы ниеттеріңізбен барша отандасымызға үлгі-өнеге көрсетесіздер. Біз Қазақстанды реформалау үдерісін бастадық. Жаңа мүмкіндіктер мен  дамуға ұмтылған Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз.

Ұлыстың ұлы күніне жеттік. Жиналған көпшілікті Президент Наурызбен де құттықтады. Мейрамның мәнін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әз Наурыз табиғатты түлетіп, тіршілікке нәр береді, жаңару мен жаңғыруға үндейді. Мен күні кеше ғана халыққа Жолдауымды жариялап, Жаңа Қазақстанды құруға жол ашатын маңызды бастамалар ұсындым. Мұның бәрі – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы. Біздің мақсатымыз тиімді мемлекет және әділ қоғам құру. Сондай-ақ халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. 

Ал осы істерде жұрттың жұдырықтай жұмылғаны керек деді мемлекет басшысы. Әрі мұндай награда тапсыру рәсімін Наурызға орай өткізу игі дәстүрге айналатынын айтты.

Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров