Сингапур президенті Қазақстанға қандай мақсатпен келді?

Жалпы Сингапур әлемдегі ең кіші 20 елдің бірі.

Ал тұрғындары болса жаяу жылдам жүретін халық саналады. Сол секілді дамуы да жедел. Себебі Сингапур жемқорлықты жеңген мемлекет. Осыдан 50 жыл бұрын ауызсу мен құрылысқа қажетті құмды импорттаған ел бүгінде экономикасы қарыштап дамыған, салық деңгейі төмен мемлекеттердің біріне айналды. Сондықтан Сингапурды «Азия жолбарысы» деп те атайды. Ендеше, мұндай елмен ынтымақтастықты нығайтудан ұтарымыз көп. 

Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:

- Сингапур несімен қызықтырады? Сингапур ең әуелі өзінің жаңағы кәсіпкерлікті дамытудағы, кәсіпкерлікті тіркеудегі ең жеңіл мемлекет. Яғни сіз 1 доллар қаржыңыз бола тұра, жаңағы кәсіпкерліктің ішінде 1 адам тіркелсе де, сіз 10 минуттың ішінде кәсіпкерлігіңізді оңай ашып, жұмыс жасай аласыз. 

Сингапурдың жер байлығы жоқ. Сондықтан бәрін шеттен тасиды. Мәселен біз бұл елге мұнай өнімдерін, қара және түрлі-түсті метал экспорттаймыз. Есесіне мемлекет электроника мен құрал-жабдық шығаруда көшбасшы.

Бүгінде біздің елде 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс бекем. Мәселен, Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асты. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Қазақ президенті мұны өте жақсы нәтиже деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сингапур Президентінің Орталық Азия елдерінің арасында ең әуелі Қазақстанға келуі біз үшін зор мәртебе. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапар біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті. 

Халима Якоб, Сингапур Республикасының президенті:

- Өте дұрыс айтасыз. Бұл – Сингапур Президентінің Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға алғашқы сапары. Сондықтан мұны – өте маңызды сапар деп білем. Қазақстан  – біз  үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. Өйткені еліңізді, шын мәнінде, аймақтағы көшбасшы ретінде танимыз. Бұл біз үшін өте маңызды.  

Президенттер экспортты ұлғайтып, біздің елде бірлескен кәсіпорындар ашу және қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жайын пысықтады. Қазақ басшысы  сингапурлық бизнес өкілдеріне есігіміз әрдайым ашық деді. Келіссөзден соң қаржы ұйымдарының өзара байланысы мен сауда-саттыққа қатысты 4 құжатқа қол қойылды. 

Индира Барықбаева, ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда келіссөздері басқармасының басшысы:

- Аталмыш келісім бұл көрсетілетін қызметтер кіші секторларының 92 түрі бойынша өзара преференциялық қолжетімділікті белгілейді және ол инвестицияларды жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайларды көздейді. Біздің ойымызша бүгін қол қойылған келісім екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге ықпалын жасайды. Одан кейін Сингапур нарығына отандық қызметтер экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Халима Якоб елді басқарған 6 жылға жуық уақыт ішінде өзінің іскер екенін көрсете білген тұлға. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесінің күрделі кезеңде Сингапурды басқарудағы қызметіне жоғары баға берді. Сөйтіп  әріптесін бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. 

Қорған Қонысбайұлы @korgantore

- Қазақстан мен Сингапурдың дипломатиялық қатынас орнатқанына биыл 30 жыл. Президенттер байланысты оң бағалады. Жақында Қазақстан-Сингапур іскерлік кеңесі құрылған еді. Енді екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу көзделіп отыр. Мақсат - Қазақстан-Сингапур ынтымақтастығын ырысты ете түсу. 

Қорған Қонысбайұлы, Мейрам Жүнісов, Алмас Омарғалиев