Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.

Бұл жұмыс енді Бас прокуратура ведомствосына жүктеледі. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты мен заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді. Кейін комиссия тұлғаларды Реестрге енгізу туралы шешім қабылдайды. Осыдан бастап активтерді иемденудің заңдылығын растау қажет. Ол үшін декларация тапсыру керек болады. Құжатта субъектілер заңды тұлғаның кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетуге тиіс. Егер заңдылықты растай алмаса, мұндай активтер шығу тегі түсініксіз деп танылады. Активтерді мәжбүрлі түрде қайтару уәкілетті органның сотқа жүгінуі арқылы жүзеге асырылады. Заңда адал сатып алушыларды қорғау тетіктері де көзделген.

Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн АЕК-тен асатын (44 млрд 850 млн теңге немесе шамамен 100 млн АҚШ доллары) активтері болуға тиіс.