Тоқаев бірнеше өндіріс кешенін аралады

Тоқаев бірнеше өндіріс кешенін аралады

Мемлекет басшысы YDA Industrial Park біріккен өндіріс кешенінің жұмысымен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Көпсалалы өндіріс кешенінің құрамына медицина және кеңсе жиһаздарын, медициналық жабдықтар, модульді құрылыстар мен металл конструкцияларын, терезелер мен витраждар шығаратын бес кәсіпорын кіреді.

Аталған бес кәсіпорын өзара тығыз байланысты, сол арқылы ортақ жобаны жүзеге асыруға бірлесе атсалысады. Бұл – кешеннің өзіндік ерекшелігі Ал өндірілетін өнімдер импортты алмастырады. Тауарлардың құны да, сапасы да шетелдік баламаларынан кем түспейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның өндіріс цехтары мен өнім түрлері қойылған шоурумды аралап көрді.

Жоба инвесторы, түркиялық YDA Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хуссейн Арсланның айтуынша, біріккен өндіріс алаңы жеке инвестиция (30%) мен қарыз қаражаты (70%) есебінен 2021-2022 жылдары іске қосылған. Жалпы құны 22 миллиард теңге болатын жоба аясында 300 адам жұмыспен қамтылған.

Мемлекет басшысына YDA Group өнімдерімен толық жабдықталған және компанияның қаржысына салынған «Harmony Steam School» мектебі таныстырылды

Балалар мұнда нақты ғылымдарға басымдық бере отырып, STEAM (Science, Technology, Engineering, Arts, Math) технологиясы бойынша оқиды. Мектепті бітірген түлектер инженерлік мамандық алып шығады.

STEAM – физика, математика сияқты техникалық пәндерге баса мән берілетін ерекше бағдарлама. Сапалы білімге қатысты барлық бастамаға оң көзбен қараймын. Біз сіздерді қолдаймыз,–деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамыту және ірі жобаларды іске асыру кезінде жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін арттыру маңызды екенін атап өтті.