Елімізде оқу жылына дайындық қалай жүргізіліп жатыр?

Елімізде оқу жылына дайындық қалай жүргізіліп жатыр?
Елорда әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілі осылай деді. Сондай-ақ кейбір білім беру мекемелерінде медициналық қызметкерлер тапшы. Есесіне бұл аймақта ұстаздардың 98 проценті екпе алған. Ал Ақтауда бұл көрсеткіш 99,6 процент. Маңғыстау облысының орталығында 39 мектеп бар. Барлығы бірдей оқушыларды қабылдауға дайын.

Осыған дейін Петропавлдағы орта білім беру мекемелеріне медициналық қызмет көрсету бойынша кешенді мониторинг жүргізілген еді. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Мәселен, 9 мектепте мұндай шара мүлдем ұйымдастырылмаған. Тағы 8 нысанда былтырдан бері медицина қызметкері жетіспейді. Сондай-ақ қазір бірнеше мектепте күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қашан аяқталары әзірге белгісіз.

Айнагүл Сұрағанова, облыстық білім басқармасы департаментінің жетекшісі:

– Облыстың 40-қа жуық мектебінде 2021 жылға жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 27 мектепте. Бүгінгі күні 15 процентінде күрделі жөндеу толық аяқталды. 9 мекемеде жұмыстар 1 қыркүйектен кейін аяқталу қаупі бар.

57 жылдық тарихы бар №2 мектеп ұжымы 1 қыркүйекте 1349 оқушы қабылдайды. Соның ішінде 150 бала 1 сыныпқа барады. Білім ордасында 89 педагог жұмыс істейді. 12-сі бала күтімімен үйде отыр. Қалған 67 мұғалім мен 27 техникалық қызметкер вакцина салдырған. Дәріс кезінде санитарлық талаптар қатаң сақталады.

Ерлан Ізбен, №2 жалпы білім беру мектебінің директоры:

– «Ashyq» жобасын біз 30 шілде күні қолданысқа енгіздік. Ата-аналар, мұғалімдер барлығы да осы арқылы өтіп жатыр. Мектеп толыққанды дизенфекциялық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бірінші қабатта бастауыш сыныптар, екінші қабатта орта буын, үшінші қабатта жоғары буын оқиды.

Ақтауда 39 білім беру мекемесі бар: 27-сі мемлекеттік, бірі кешкі және 11-і жеке мектеп. Барлығы да «Ashyq» жобасына қосылған. Жаңа оқу жылында 50 мыңнан астам оқушы мектепке барады деген жоспар бар. «Педагогикалық қызметкерлердің 99,6 проценті екпе алды. Қалғаны 1 қыркүйекке дейін салдырады», – деді білім бөлімінің басшысы.

Бағдат Тұрғанбаева, «Қалалық білім бөлімі» ММ басшысы:

– Еңбек демалысы аяқталғаннан кейін міндетті түрде вакцинамен келетін болады. Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық санитарлық талаптар сақталады. Санитайзерлер, маскалармен қамтамасыз етілген. Балалардың бір-бірімен топтаспауы үшін қоңырау уақыты да үйлестіріледі. «Бір сынып – бір кабинетте» деген қағидатпен ұйымдастырылады.

Айта кетейік, биыл облыс орталығында 2 мектеп қолданысқа беріледі. Алғашқысы – 34-шағын ауданда орналасқан 1200 орындық мектеп-гимназия. Ол 2800-ге жуық оқушы қабылдайды. Соңғысы Шығыс-1 ықшам ауданында салынған. Мұнда 300-ден астам бала оқиды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Наталья Волкова, Ренат Досалиев