Ақмола облысының Жақсы ауылында жылдың үздік педагогы тұрады

Елімізде 64 мұғалім «2021 жылдың үздік педагогы» атанып, әрқайсысы 3 млн теңгелік сыйақыға ие болды. Олар білімі мен біліктілігі, талпынысы мен тәжірибесінің арқасында топ жарды. Солардың бірі Ақмола облысының Жақсы ауылында тұрады.

- Cаламатсыздар ма, балалар? Бүгінгі өтетін сабағымыз Абай Құнанбайұлының «Масғұт» поэмасы.

Педагогика саласында 20 жылдық тәжірибесі бар Ләззат Байсерқызы қазір Жақсы ауылындағы №1 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ең қызығы, ол осында институт бітіргелі бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Ал жаңа технологиялар үздік мұғалімнің дәріс беру әдісінің айнымас бөлігіне айналған.

Ләззат Қасқаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Балаларға қызықты болған «Жамбы ату» ұлттық дәстүрлі ойыны. Бұл жерде балаларға үш деңгейде тапсырма беремін. Балалар бұл жерде өздері қалайды, қай деңгейдегі тапсырманы алатыны. Жаңа технологиялар бойынша QR код сабақтарымда қолданамын. Уордойл ойындарын қолданамын. Қазіргі заман талабына сай жаңаша білім беру ғой.

Оқушыларды тың бастамалармен қызықтыру өз нәтижесін де беріп келеді.

Әйгерім Қожахметова, оқушы:

- Ләззат Байсеркеқызы бізге екінші анамыздай болып кетті. Себебі, әр сабағы қызықты өтеді. Бізге бәрі түсінікті болады. Ұстаздың арқасында біз эссе жазуды үйрендік. Сонымен қатар мәнерлеп оқу. Мәнерлеп оқу қазір өзім үшін бір қызық, хоббиім десе де болады. Әр оқушыға сөз табу, әр оқушыны қызықтыру менің ойымша кез-келген адамның қолынан келе бермейді.

Кейіпкеріміз түрлі еңбектердің де авторы. Оның жазған әдістемелік құралдары, ғылыми мақалалары мен сабақ бағдарламалары қазір аймақтың педагогтары арасында мойындалған. Ал мұның барлығы тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Әдемі Исмайылова, тарих пәнінің мұғалімі: 

- Ең алғаш рет еңбек жолымды бастағанда осы Ләззат Байсеркеқызымен бірге бастадым. Ол кісі осы жерде қызмет жасады. Мен өзім осы мектепте 13 жылдан астам жұмыс істеймін. Жас маман ретінде бұл кісіден үлгі ретінде алатыным ешқашан шаршамайды. Білгенін әрқашан бізбен бөлісіп отырады. Ешқашан «менің уақытым жоқ» деп біздің бетімізді қайтарып көрген емес. Бұл кісінің әр күні босқа өтпейді. 

Үздік мұғалім ешқашан тоқмейілсіген емес. Қазір ол Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай өтетін конференцияға дайындық үстінде. Сондай-ақ үшінші әдістемелігінің сараптамасын күтіп отыр. Еңбегі комиссияның мақұлдауынан өтсе, ол аймақ мұғалімдеріне көмекші құрал ретінде таратылады. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко