Қарағанды облысында 200 мыңға жуық бала жазғы лагерьде демалады

Қарағанды облысында 200 мыңға жуық бала жазғы лагерьде демалады

Облыстағы барлық жазғы лагерь екі жылғы үзілістен соң қайтадан жұмысын бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемия кезінде төрт қабырғаға телмірген балалар енді табиғат аясына шығады. Жаз бойы шамамен 189 мың бала демалады деп жоспарланған болса, соның 9 мыңы қала сыртындағы лагерлерге барады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қараусыз қалған демалыс орындары қалпына келтірілуде. Мысалы, Бектауата баурайындағы «Факел» лагері 7 жыл иесіз жатқан. Кейін Шашубай кентіндегі орта мектеп өз балансына алып, іске қосты. Биыл мұнда «Балалар жылына» орай тұңғыш рет республикалық слет пен облыстық форум өткелі отыр. Сонымен қатар түрлі спорттық шара мен туристік сапарлар ұйымдастырылмақ.  

Айман Түкбаева, Шашубай орта мектебінің директоры:

– Тек біздің лагерь жаз бойы 800 баланы қабылдайды. Ол озат оқушылар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың балалары. Мұнда олардың тынығуына, уақыттарын көңілді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Ал дұрыс тамақтануын арнайы мамандар қадағалайды. Балаларға күнделікті қымыз береміз. Бұл жердің суы өте таза, денсаулыққа пайдалы.