Балқан олимпиадасында қазақстандық оқушылар алты медаль жеңіп алды

Балқан олимпиадасында қазақстандық оқушылар алты медаль жеңіп алды

Математикадан Балқан олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 күміс және 4 қолаға ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша елдің ұлттық құрамасы былтырғы нәтижеге қарағанда биыл жеңіс тұғырына бір саты жоғарылады, яғни 2021 жылға қарағанда ел қоржынына бір медаль артық түсті. Зияткерлік жарыстар 4-9 мамыр аралығында Кипрдің Ларнака қаласында офлайн форматта өтті.

Биыл олимпиадаға 16 елден 100-ге жуық оқушы қатысты. Олардың қатарында Албания, Босния және Герцеговина, Болгария, Кипр, Македония, Греция, Молдова Республикасы, Черногория Республикасы, Румыния, Сербия және т.б. бар.

«Жыл сайын сайысқа 6 адамнан құралған Қазақстан құрамасы қатысады. Биыл ел намысын Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Атырау және Ақтау қалаларының оқушылары қорғады. Сайыста балалар математикадан олимпиада тапсырмаларын өте қысқа мерзімде шешуі керек болды», – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешев.

Оның айтуынша, бұған дейін Балалар жылы аясында дарынды оқушыларды қолдау мақсатында республика көлемінде түрлі деңгейдегі олимпиадаларөтті. Олимпиаданы өткізу процесі автоматтандырылды. Бұл олимпиадаларды аудандық деңгейден республикалық дейгейге дейін барынша ашық және транспарентті өткізуге мүмкіндік берді. Балқан олимпиадасы дайындықтың тиімді әдісі және оның оқушыларымызға негізгі халықаралық математикалық олимпиадаға (IMO) дайындалуға көмектесеті.