Отандық ғалымдар газтұтқышқа арналған наносүзгілер жасап шығаруда

Қазақстандық және бельгиялық ғалымдар әскери газтұтқыштарға арналған заманауи сүзгілер жасап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы сынақ өтті. Жобаға «Бейбітшілік пен қауіпсіздікке арналған ғылым» бағдарламасы аясында НАТО қолдау көрсетіп, қаржы бөлген.

Газтұтқышқа арналған инновациялық сүзгілер радиоактивті орындар мен химия өнеркәсібінде зиянды заттан қорғайды. Наноматериалға еуропалық сарапшылар жоғары баға берген. Оны қазақстандық және еуропалық нарық үшін сатылымға шығару жоспарда тұр.

Азат Сейітхан, ҚР БҒМ жану институтының ғылыми қызметкері:

Біз бұл жоба бойынша жұмысты біздің Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің гранты бойынша 2014 жылы бастағанбыз. Сол кезде бельгиялық ғалымдармен ынтымастыққа қол жеткіздік. 2019 жылы жоба жетекшісі Зұлқайыр Мансұровтың басшылығымен НАТО-ның грантын ұтып алдық. Біздің институтта жасалған ауаны улы газдардан тазартуға арналған сүзгілерді сынақтан өткізу үшін алып келдік.

Питер Лодевикc, профессор, жоба менеджері:

– Газтұтқыштардың жұмысын тексеру үшін ғылыми модель құрамыз, техникалық сипаттамалар арқылы өлшейміз. Қазақ достарымыз оларды өндіре алады. Біз ғылыми жағынан баға беруге көмектесеміз. Бұл сүзгілерді өнеркәсіп нысандарын улы газдан тазалау үшін де қолдануға болады.

Қазіргі қолданыста жүрген газтұтқыштар химиялық, билологиялық улы заттарды жіберіп қояды, дейді мамандар. Ал жаңа материал көлемі 50 нанометрден аспайтын ұсақ тесіктері бар құрылыммен жасақталған. Ол улы заттарды ұзақ ұстап тұра алады. Қазақстандық ғалымдар бұл газтұтқышты агроөнеркәсіп қалдықтарының негізінде жасаған.

Ерлан Досжанов, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аға оқытушысы:

– Бұлар май шикізаты, күріш қабығы, жүзім сүйектері мен грек жаңғағы қауызының қалдықтары. Оларды біз қайта өңдеп, белсендірілген көмірге, сосын түйіршекке немесе ұнтаққа айналдырамыз. Осы жұмысымыз сәтті жалғасса, сатылымға шығарамыз, яғни бейбіт мақсатта қолдануға арналған өнім ұсынамыз.

Ғалымдардың бұл нәтижесі халықаралық рейтингтегі журналдарда жарияланған. Сарапшылар нарықта бұларға ұқсас заттардың жоқ екенін айтады. Сондықтан Қазақстанның Төтенше жағдай министрлігіне қарасты Азаматтық қорғаныс академиясымен бірлескен өндіріс жақын арада іске қосылмақ.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Жанат Эрнст