Ақтөбелік оқушы халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанды

Ақтөбелік оқушы география пәнінен халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанды. Мұндай жетістік ел тарихында екінші рет болып отыр. 

Халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанған Санжар Хамитов белді байқауда алған әсерін әлі ұмыта алмай жүр. Себебі сайыс өте тартысты өткен. Берілген үш тапсырма да кез келген қатысушы үшін оңай болмаған көрінеді. Алайда бірнеше жыл бойы географиядан мектепішілік байқауда топ жарып, бас жүлде алып келген 11-сынып оқушысы бұл жолғы сынақтан абыройлы өткеніне қуанышты.

Санжар Хамитов, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Менің басты жетістігім пәнді жетік білгеннен басқа ағылшын тілін еркін меңгергенім шығар. Себебі маған сөздікке сүйенудің қажеті болмады. Яғни берілген тапсырманы нақты аударуға уақыт жұмсап отырмадым. Бірақ сонда да күміс медаль ғана алатын шығармын деп ойладым. Алайда күдігім расталмады. Өте қуаныштымын.

Беделді олимпиадаға Санжарды дайындаған мұғалімі Рустам Валиев. Ол географиядан ел тарихында тұңғыш рет әлемдік сайыстың бас жүлдесін алған еді. Ал бұл жолғы бәсекеде топ жару айтарлықтай оңай болмапты. Себебі 54 елден қатысқан 200 үміткердің ішінде талай мықтылар болған. Алайда еліміздің құрама командасында болған төрт оқушы намысты қолдан бермеді. Нәтижесінде Санжар алтын, ал шымкенттік оқушы қола медаль иеленді. Жеңімпаздарды әлеуметтік желідегі парақшасында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов құттықтап, алдағы уақытта олимпиада жүлдегерлеріне зор қолдау болатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  арнайы қаражат берілетінін атап өтті. Жүлдегерлер отандық оқу орындарына түсу үшін ұлттық біріңғай тест тапсырмай, грант жеңімпазы бола алатыны жағы қаралып жатқандығын айтты. 

Сәуле Өмірбекова, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

- Бүгінгі нәтиже ол жалпы мына зияткерлік мектептердің ішінде қалыптасқан жүйе. Біздер үшін мақтаныш, екінші жағынан, ол балалардың болашақ өмірлеріне үлкен үлес. Себебі олар мектептің ішінде отырып, өздерінің болашақ мамандықтарын таңдайды, креативті ойлануға үйренеді.

Пәндік олимпиаданың жеңімпазы Санжар болашағын ғылым саласымен байланыстырмақ ойда. Сондықтан жер бедерінің жаратылысына ден қойып, оны зерттеуге күш саламын дейді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев