Қарағанды облысында 2025 жылға дейін 17 мектеп салынады  

Қарқаралы ауданына қарасты Қасым ауылындағы мектептің апатты жағдайда тұрғанын бұған дейін арнамыздан айтқан болатынбыз. Ел тілегі ескеріліп, биыл мұнда жаңа мектептің құрылысы басталатын болды. Сүйінші хабарды мұғалімдердің тамыз мәслихатында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы 2025 жылға дейін өңірде 17 мектеп салынбақ. Оның алғашқысы жаңа оқу жылында кеншілер шаһарында ашылады.

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

Біздің облыста оқушылардың сабақтан тыс уақытына да үлкен көңіл бөлінеді. Биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс аясында қосымша білім беруге 1,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл 23 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді тегін үйірмелермен қамтуға мүмкіндік берді.

Биылдан бастап мұғалімдерге де талап күшейіп отыр. Қазіргі күні аймақтағы 24 мың ұстаздың 54 проценті аттестаттаудан өткен. Ал жұмысқа тұрғысы келетін жас мамандар енді міндетті түрде ұлттық біліктілік тест тапсыруы тиіс.

Гүлсім Қожахметова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу бағдарламасына деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Талап балаға емес, күні бойы ойын қызметі арқылы оқу сабақтарын жүргізетін педагогке қойылатын болады. Бағдарлама әр баланың ерекшелігіне бағытталған және сабақтарға уақыт шектеулерін қоюды толық жоққа шығарды. 

Тағы бір жаңалық, қыркүйекте Қарағандыда тұңғыш рет аутизм дертіне шалдыққан балаларды қолдау орталығы ашылады. Қазір өңірде 408 мектеп болса, биыл соның 143-не жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңа оқу жылында 170 мың бала мектеп табалдырығын аттайды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар