Түркістан облысында биыл 34 мектеп қолданысқа беріледі

Түркістан облысында 59 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл соның 34-і пайдалануға беріледі. Оның 21-і бюджет қаржысы есебінен салынса, қалған 13-і жекеменшік мектеп. Жалпы өңірде мектеп тапшылығы бар ма? Жаңа оқу жылына дайындық қалай? Білім министрлігі тарапынан жасалған реформалар өңірде қалай іске асырылып жатыр? Осы және өзгеде өзекті мәселелер мұғалімдердің облыстық тамыз конференциясында жан-жақты талқыланды.

Мақтаарал ауданындағы Жолдыбай Нұрлыбаев атындағы жалпы орта мектебі өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Ауыл тұрғындарының барлығы осы мектепте білім алған. Қазір шағын мектеп әбден ескірген. Қасбеті түсіп жатыр. Оның үстіне соңғы жылдары бала саны да артып, оқушыларға тарлық ете бастаған. 

Мұхамедәли Әдіров, мектеп директорының орынбасары:

- 200 балаға шақталған мектеп, қазір бұл мектепте 400 бала оқиды. Екі ауысымда. 2021 жылы жаңа мектептің құрылысы басталған. Қазіргі таңда мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Биылғы 2022 жылғы жаңа оқу жылында мектеп қолданысқа беріледі. Жаңартылған техникалармен қамтылады деген ниеттеміз.

Жаңа мектеп 3 қабатты, 300 орынға лайықталған. Әрі заман талабына сай оқу құралдарымен жабдықталған. Мұнда химия, физика, биология кабинеттерінен бөлек, асхана мен спорт залы да қарастырылған. Алайда ауданда әлі де білім беру талаптарына сай келмейтін ғимараттар да орналасқан 7 мектеп бар. Ал облыс бойынша 3 ауымды мектептердің саны 6. Мұғалімдердің тамыз жиынында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы 2021-2025 жылдар аралығында үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін өңірде кезең-кезеңімен 199 мектеп салу жоспарланғанын айтты. 

Дінислам Болатханұлы, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

- Өткен жылы 77 мектеп салынса, биыл 34 мектептің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін беріледі. Республика бойынша салынып жатқан мектептердің 25 пайызы осы Түркістан облысында. Сонымен қатар 2021 жылмен салысытырғанда жекеменшік мектептер саны 17-ге артып, облыста 56 жекеменшік мектептер жұмыс істеуде.

Жалпы қазір таңда облыста 200-дей мектеп жетіспейді. Мамандар оларды алдағы үш жылдың ішінде толық шешеміз деп отыр. Алайда білім министрлігі тарапынан жүргізілген кейбір реформалар мәселелені шешудің орнына қайта ушықтырып жіберген. Мәселен бұрын аудан басшылығына қарайтын жергілікті жердегі мектептер қазір облыстық білім басқармасына бағынышты.  

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Өйткені аудан әкімдері қазір мектепке көмектесетін, олардың жұмысына араласатын мүмкіншілік қалмады. Бұл министрлік тарапынан шыққан, көптеген облыс әкімдері түсінбейді, бұл қандай реформа екенін. Бізде 980-дей мектеп бар, соның барлығын бір орталықтан, басқармадан қалай басқаруға болады? Мүмкін емес. Бұрын әжетханаға дейін аудан әкімдері жасап беретін, қазір енді кімнен сұрауға болады? Басқармадан қалай сұраймыз? Сондықтан реформа жасаған дұрыс, ол жағдайды жақсарту керек. Жағдайды ушықтыратын реформа кімге керек?

Осы және өзге де түйткілді мәселелер тамыз конференциясына тұздық болды. Ал оны жауапты министрлік қалай шешеді, ол алдағы күннің еншісінде. Айта кетейік, жаңа оқу жылында өңірде аз қамтылған отбасынан шыққан 52 мыңнан астам бала мектеп формасымен қамтылды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов