Ғалым қазақша ым-ишараны танитын жүйені ойлап тапты

Жасанды интеллект қазақша ым-ишара тілін тани алады.

Отандық ғалымдар сөйлеу және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған бірегей жүйені ойлап тапты. Жобаның арқасында қазақ тіліндегі ым алфавитін түзуге мүмкіндік туады. Өнертапқыштар жүйені жетілдіру үшін «Ғылым қорынан» грант алуға мүдделі.

Нұрзада Амангелді ым тілі жүйесін жасауға 5 жылын сарп етті. Оңай болған жоқ. Бірегей жобаның бүгінгі нұсқасына жету үшін әбден тер төкті. Жасанды интеллектке негізделген ғылыми еңбектің артықшылығы – қазақша ымдау тіліне бейімделуінде.

Нұрзада Амангелді, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы:

- Бұл шынайы уақытта ым тілінде көрсетілген сөздерді мәтінге түрлендіріп береді. Әрі қарай сол мәтінді біз сөйлемге түрлендірумен айналысамыз. Есептің осы жағын шешкесін, біз екінші жағын шешумен айналыстық. Қазір 3Д аватар жасау барысындамыз. Оқытылған модельдерімізді 3Д аватарға енгізу арқылы біз табиғи тілдегі сөзді ым тіліне генерациялаймыз.

Бұл жобаның теңдесі жоқ. Нұрзада Амангелді әлемдік рейтингі жоғары журналдарға 3 мақала жариялап, оның бірегейлігін дәлелдеді. Өнертапқыш ерекше қажеттілігі бар адамдардың мемлекеттік мекеме, білім беру және медицина нысандарында қысылмай қызмет алуына жол ашылатынын айтты. Ол үшін жобаны коммерциаландыру керек. Енді ғалым «Ғылым қорының» грантын алуға үмітті.

Нұрзада Амангелді, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы:

- Біз «Ғылым қорының» конкурсына 4 өнім ұсынып отырмыз. Алфавитті оқытатын тренажер, сөздерді оқытатын тренажер, мобильді қосымша, сонымен қатар ымды танитын және генерациялайтын жүйе. Біз әр тілде 3000 мың сөзден қосайық деп отырмыз, жалпы 9000 сөз. Сонымен қатар бізге 5 сурдопереводчик маман керек. Нейрондық жүйенің көрсеткішін жоғарылату үшін біз әртүрлі адамдармен 1 ымды 100 рет жасайық деп отырмыз. Сонда біздің 9000-90000 болады. Сондай бізде өте көлемді жұмыс тұр. 

Жүйе арқылы қазір тапшы саналатын сурдоаудармашыларды дайындауға болады. Мұның өзектілігін «Саңыраулар қоғамы» да мойындады.

Жангелді Бекбатыров, Қазақстан Саңыраулар қоғамының вице-президенті:

- Үкімет тарапынан 60 сағат берілген құлағының мүкісі бар азаматтарға тегін сурдоаудармашылар қызмет көрсетеді. Ол 60 сағат жеткілікті емес. Үкімет органдарына ғана баруға, медицина саласында болсын біз қызмет көрсетеміз. Негізі қай жерде болмасын, оған көмек қажет етіледі.

Қазір елімізде сөйлеу және есту қабілеті бұзылған 32 мың адам бар. Өкінішке қарай, олардың толыққанды білім алып, еңбек етуіне мүмкіндік аз. Ал уақыт өткен сайын жетілдіріле түсетін тың нейрондық жүйе бұл олқылықтың орнын толтыруға себеп болады, - дейді мамандар.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ырыстанбек Оспанов, Марат Дихамбаев.