Ақмола облысында екі мың оқушыға арналған бес мектеп ашылды

Мектептердің төртеуі елорда іргесіндегі ауылдарда орналасқан.

Бір мектеп облыс орталығындағы "Құлагер" шағын ауданында бой көтерді. Өңірде 137 мыңға жуық оқушы бар. Оның он төрт мыңнан астамы биыл мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.

«Құлагер» шағын ауданының тұрғындары бұл қоңырау сыңғырын көп күтті. Себебі аталмыш білім ордасы бақандай сегіз жыл салынды. Ал жергілікті балғындар қала мектептеріне қатынап оқуға мәжбүр болған. Оқушылар мен ата-аналарының көңілі шат. Әсіресе Назерке Мұхамедалинаның қуанышында шек жоқ. Өйткені оның тұла бойы тұңғышы жаңа мектептің табалдығын алғаш рет аттап отыр. 

Назерке Мұхамедалина, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Ата-аналарға өте ыңғайлы. Өйткені «Құлагер» шағын ауданы өте үлкен. Бізге Красный Яр ауылының немесе қаладағы 10-мектепке апару қиын. Сондықтан енді ыңғайлы болады. Бұл жаңадан ашылған мектеп болғасын ішінде бәрі жаңа. Ішінде жаңа жабдықтар, көптеген технологиялар қолданылады. Біздің балалар жақсы оқиды деген ойдамын. 

Жалпы білім ошағы 392 орынға шақталған. Бірақ бүгінде мектепке 576 оқушы қабылды. Оқу ордасы екі ауысымда білім береді. Сондай-ақ мектеп жанынан 80 орынға арналған балабақша да ашылды.  

Тілеген Амангелді, мектеп директоры:

- Ерекшелегі барлық оқушыларымызды айти жағынан дайындаймыз. Келешекте лицей статусын аламыз деп отырмыз. Мектептің техникалық базасына келсек, 3 компютерлік сыныбымыз бар. Физика, химия, биология сыныптары барлығы жаңаша үлгіде істелінді. 

Бұдан бөлек елорда маңындағы Өтеміс ауылының 120 оқушысы жаңа мектепке барды. Осыған дейін елдімекенде білім ошағы мүлдем болмаған. Ал Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында 300 орынға шақталған тағы бір оқу ошағы пайдалануға берілді. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында Қосшы қаласындағы екі мектепте балғындарға есігін айқара ашты.  

Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Ақмола облысындағы оқушылардың орын тапшылығы 13 мыңды құрайды. Бұл мәселе көбінесе облыс орталығы мен елорда іргесіндегі ауылдарда тіркелген. Ал осы жаңа оқу жылында 4 мың орынға арналған мектептер жүктеме мен үш ауысым мәселесін толығымен шешіп отыр. 

Ал жыл соңына дейін өңірде тағы мың сегіз жүз орындық алты білім ошағы ашылады деп жоспарланып отыр. 

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренко