Елордалық ұстаз бақытын тәлімгерліктен тапқан

Қазақ тілі мен әдебиеті – адамның өмірге деген көзқарасын қалыптастырын, жан тазалығын сақтап, жалпы дүниетанымын кеңейтетін пән.

30 жылдан бері осы пәннен сабақ беретін ұстаз Ақжанай Қалиева осылай дейді. Ұстаздықтың адал жолын ұстанған ардақты мұғалім шәкірттеріне үлгі. Өзі шыңдаған оқушыларының алдыңғы шебі биік белестерден көрінген.  

Қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін Ақжанай Еркімбайқызы – өзінен оза шапқан шәкірттерін мақтан тұтатын ұстаз. Бүгін өзімен арнайы амандасуға келген журналист Лаура Ешназарова – сондай үздік оқушыларының бірі. Рудныйдағы еңбек еткен жылдары дарынды оқушысын тәлімгерлікке алып, ірі сайыстарға баптап қосқан еді. Тіпті Испанияда өткен халықаралық көркемсөз жарысында топ жарды.

Лаура Ешназарова, журналист:

- Сол халықаралық сайысқа барып, ІІ орын алып келдім. Тоғыз оқып жүргенде Астанаға жұмыс бабымен ауысып, мен қайда болсам да, тек қана сол ұстазымның артынан, сол ұстазымның атынан жарыстарға шығамын деп өзімнің мектебімнің атынан емес, сол ұстазымның атынан шығып, сол кезде осы бас жүлдені алып келген болатынмын. Және де дәл осы мамандықты, журналистика мамандығын таңдауыма сеп болды.

Бүгінде Ақжанай Еркімбайқызы Б. Майлин атындағы №52 ұстаздық етіп жүр. Балалардың қарым-қабілетін бағамдай білетін мұғалім оларды түрлі олимпиадаларға дайындап, үнемі үздік нәтижемен мектеп абыройын асқақтатады. 

Бақтыгүл Наурызбекова, №52 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Ол кісінің бір ерекшелігі бар. Сабақ беріп жүрген сыныптарында оқушылардың бойындағы өнерін де байқай алады. Сондай бір жақсы қасиетін ол кісі – бізге үлгі тұтарлықтай педагог. Бала тәрбиесінде әсіресе ол кісінің сіңірген еңбегі өте көп. Балаларды жан-жақты етіп тәрбиелейді. Сол өзінің тәжірибесімен қазір өзінің қасында бірге, бір кабинетте отыратын Әбікен Әйгерімді үйретіп, өзінің әдісімен бөлісіп жүр.

Ақжанай Қалиева, Б. Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

- Ұйықтап жатқанда да түсімде мектепті көріп жатамын. Оқушыларды көріп жатамын. Яғни, 24 сағат, бір тәулігімді арнайтын шығармын деп ойлаймын. Үйге түнгі 10, 11-лерде баратын кездерім бар. Мектепте 9-да жүріп, күзетші ағай келіп, сіз ғана қалдыңыз деп айтады. Көп мұғалім солай жүреді. Мұғалім деген өзінің уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын ұстаз ғой.

Бақытын тәлімгерліктен тапқан мұғалім осылайша бар уақытын талапты оқушыларына арнайды.

Ұлдана Мейрамбекқызы, 8-сынып оқушысы:

- Ол кісі алдын-ала жоспар дайындайды ең бірінші. Жоспар бойынша осы 40 минутты жақсы өткізуге тырысады. Балаларды ойынға тартып, жақсы әңгімелеседі балалармен.

Ақжанай Қалиева, Б. Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

- Қай ғасырдың ұстазы болмасын, оқушыларға өзін жақсы жағынан көрсету үшін, өзін сыйлата білу үшін әділ бағалау керек. Оқушының қателігін жеке отырып айта алатындай болу керек. Оқушының қателігін көрсете отырып, оның жүрегін ауыртпайтындай ұстаз болу керек. Әділ болу керек. Әділ ұстаздарды оқушы бала бірден біледі.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Наурызбай Құрманғазы.