Қостанай автоколледжінде техникалық пәндер қазақ тілінде оқытылады

Биыл Қостанай автоколледжінде қазақ тілінде білім беретін қосымша екі топ ашылды.

Қазір мұнда 120 студент автослесарь, автоэлектрик және механик мамандықтары бойынша мемлекеттік тілде оқып жатыр. Оларға техника тілі түсінікті болу үшін жергілікті автозауыт басшылығының ұсынысымен машина жасау терминдерінің қазақша сөздігі құрастырылды.

Бақдәулет Ермекбай Шымкент қаласының тумасы. Биыл үшінші жыл Қостанайда автослесарь мамандығы бойынша оқып жатыр. Қазір бұрынғыдай өзге тілге жүгініп, тіл шұбарламайды. Техниканың бар бөлшегі қазақша атаумен аталады.

Бақдәулет Ермекбай, студент:

- Қозғалтқыш бөліктерін қазақ тіліне аударатын терминдер кітабын бізге арнайы берген. Ондай кітап Қазақстанда бізде ғана бар. Көптеген пайдасы бар. Практикада тек қазақ тілінде жасап жатырмыз.

Кәсіпорын басшысының тікелей қолдауымен жарық көрген бұл сөздікте Қостанай зауытында жиі қолданылатын машина жасау саласына қатысты 1000 термин қамтылған. Бұл салада қазақ баласы қатарының көбеюіне осы жаңа оқулықтың да септігі болғаны анық. Айдар Рахымберді Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі. Былтыр келген жас маман қазір инженер болып жұмыс істейді

Айдар Рахымберді, инженер:

- Осы зауытта өз дипломдық жобамды жаздым. Жоғары оқу орынын аяқтаған соң, мен өз қалауыммен мен осында жұмысқа тұрдым. Қазір слесарь мамандығында сегіз айдай жұмыс жасадым. Білімімді жетілдірген соң инженер, инженерге ауыстым.

Қостанай автозауытында 120-дан астам студент жұмыс істеп жатыр. Бір ғана Алматыдағы Ұлттық техникалық университетінен 18 студент осында кәсіби біліктілігін шыңдап жатыр.

Әмірхан Аманжолов, Қ. Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінің студенті:

- Дуалды оқыту жүйесі бойынша теория және практиканы іс жүзінде қарап жұмыс істеп жүрмін. Бұл бірінші үлкен тәжірибе береді. Қасымда жүрген мастерлар бар егер бір жақты білмесең көмектесіп жібереді.

Автозауыт өзіне керекті кадрларды дайындаумен ғана емес, олардың дарын-қабілетін дамытып, кәсіптік бағдар беруді мақсат етеді. Сол үшін де жаңа білім беру саясатын енгізіп, инновациялық хаб ашқан. 

Айгүл Ахметова, автозауыттың білім жөніндегі кеңесшісі:

- Біздің тек қана өзіміздің кадрларды қамтып қана қоймай, біз жалпы еліміздегі осы ғылыми потенциал, жаңа форматтағы кадр дайындау, яғни жаңа мамандардың бойындағы жаңа компетенцияларды, құзыреттілік дейміз заманға сай, соны қалыптастыру жолында біз білім саласымен тікелей жұмыс жасап жатырмыз. 

Соңғы үш жылдың ішінде Қостанай автозауытында 3 мыңнан астам студент тәжірибеден өткен. Оларға еңбекақы төленеді. Оның сыртында тамағы, жол қатынасы тегін.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров