Мұстафа Шоқайдың құрметіне арналған халықаралық конференция өтті

Елордада Мұстафа Шоқайдың құрметіне арналған ІІ халықаралық ғылыми конференция өтті.

Келелі жиынға нар тұлғаның өмірі мен еңбек жолын зерттеуші отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. 51-ші мектеп-гимназиясы жанынан ашылған музейге 550-ден астам тың жәдігерлер қойылды. Экспонаттардың ішінде Алаш қайраткері пайдаланған баспа машинасы, арнайы мөрі, интернет желісінде жарияланбаған сирек фотосуреттері мен жары Мария Горинаның қолжазбалары бар.

Данара Жомартова, М. Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры:

- «Көшпелі музей» жобасы бүгінде жұмыс атқарады. Сол жоба аясында біз жаз уақытында осы Мұстафа Шоқайдың туған жері Сыр өңіріне барып, мектеп музейінің жұмысымен таныстырып өттік. Сонымен қатар желтоқсан айында Германияның Берлин қаласында жұмысымызды насихаттадық. 2024 жылы Түркия елінде де жұмысымызды таныту жоспарда бар.

Әбдіуақап Қара, тарих ғылымдарының докторы:

- Біз биыл Мұстафа Шоқайдың 4 тілде кітабын шығардық. Бұл өткен жылы жарық көрген. Париж қаласында тұсауы кесілген. Мұстафа Шоқайдың 120 мақаласының француз тіліне маңызды көкейкесті деген 41 мақаласын енгізген едік.