Түркі әлемінің ғылыми-техникалық әлеуеті зор

Аймақтық және жаһандық қауіп-қатерлерді еңсеруде көпжақты ғылыми ынтымақтастық өзекті.

Осы орайда, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ұлттық ғылым академиялары басшылары Анкарада бас қосып, ғылыми-техникалық бағыттағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыру қажет деген тоқтамға келді.

Жасанды интеллект, ядролық физика, маңызды шикізат, синтетикалық биология және кванттық физика. Түркі академиясының ұйымдастыруымен Анкарада өткен жиында бауырлас елдердің бас ғалымдары осы салалардағы ынтымақтастықты арттыруға келісті. Басты мақсат – тарихта таңба қалдырған ата-бабаларымыздың жолын жалғастыру және әлемдік қауіп-қатерлерге қарсы ғылым жолымен күресу.

Хасан Мандал, Түркия ғылыми-технологиялық зерттеу кеңесінің президенті:

- Біздің бас қосуымыздың себебі – әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан түркі мемлекеттері арасындағы тілдік, тарихи және мәдени бірлігімізді нығайту. Сонымен қатар, азық-түлік, энергия, сумен қамту және түрлі апаттар кезінде ортақ шешім қабылдау, қажеттіліктерді нақтылау. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Мамыр айында Түркі академиялары бас қосып, нақты ұсыныстарымызды мемлекет басшыларына жолдаймыз.

21 ғасыр – Түркілер үшін ғылым жүзжылдығы болуы тиіс. Түркітілдес елдердегі ғылым академиялары басшыларының ортақ пікірі осындай. Сондықтан, Түркі академиясындағы ынтымақтастықты тек мәдени-гуманитарлық бағытта ғана емес, техника-инженерия және жаратылыстану саласында да нығайту маңызды.

Күнсұлу Закария, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

- Түркі тілдес мемлекеттерде осы технология жағы, жаратылыстану жағынан өте көп жетістіктер бар. Біз осы семинарда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстанның ғылыми потенциалын көрдік. Мемлекеттер ғылым жағынан бірдей дамып келе жатыр. Түркияның дамуы бөлек. 10 жылдың ішінде Түркия дамуы күрт өскен. Сондықтан осы мемлекеттер технология жағынан бірігу керек. Себебі мемлекеттерде көптеген потенциалар жеткілікті.

Қазіргі жаһандану жағдайында қарқынды дамып жатқан технологиялар мен ғылым жан-жақты интеграциялық байланыстарды қажет ететіні сөзсіз. Осы орайда ғалымдар өзара тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Меруерт Қанағат, «24.KZ», Түркия.