Ғылымға салған ақшадан қайткенде қайыр болады?

2022 жылы Қазақстанда ғылымның дамуына 70 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылға қарай 643 млрд теңге көлеміндегі қаражат кезең-кезеңімен бөлінеді.

Негізгі мақсат – ғылымды экономика мен өндіріске бейімдеп коммерцияландыру. Сонда қаржының қайтарымы болады дейді мамандар.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рәтбай Мырзақұлов екінші жыл қатарынан әлемдегі ең беделді ғалымдардың алдыңғы 2 пайызы қатарына кірді. Ол Стэнфорд университетінің қос рейтингінде орын алды. Физик-теоретик Scopus дерекқорында жарияланым белсенділігі мен дәйексөз көрсеткіштері бойынша жоғарғы сатыдан көрінді. Шетелдік мамандар оның біраз мақаласына ең көп сілтеме жасаған.

Рәтбай Мырзақұлов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

- Ең бірінші бағытым «Солитондар теориясы» деп аталады. Бұл математикалық және теориялық физиканың негізгі тарауы. Сызықтық емес тарауы. Соңғы 20 жыл ішінде әлемді зерттейтін ғылымдар – астрофизика, гравитация, космология деп аталады. Сол салада жұмыс істеп жатырмын. Бұл екінші салам.

Академик Рәтбай Мырзақұлов 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, 300-дей мақаласы шетелдік журналдарда жарияланған. Былтыр ғалым физика және астрономия бойынша халықаралық Scopus сыйлығымен марапатталды.

Рәтбай Мырзақұлов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

- Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев былай дейді ол кісі. Менің арманым – Қазақстанды ғылыми орталыққа айналдыру. Осы айтқан сөзі маған ғалым ретінде өте ұнайды. Көңіліме жағады.

Қазақ ғалымы шетелде зертхана басқарады

Шетелде жүрсе де зертхана басқарып, жұмысын бес саусағындай меңгеріп алған қазақстандық жас көп. Ішінде Мұхит Құлмағанбетов деген азаматымыз бар. Отандасымызға Нобель сыйлығының лауреаты, физик Донна Стриклэндпен бірге еңбек ету мәртебесі бұйырыпты. Қазір ол Гонконг қаласында кванттық офтальмология зертханасын басқарады. Көздің көру қабілетін жасушалық деңгейде зерттейді. Айтуынша, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ғылыми қызметкерлерді ерекше құрметтейді.

Мұхит Құлмағанбетов, кванттық офтальмология зертханасының басшысы:

- Жалпы Қазақстан және шетелдік ғалымдарды салыстырсақ, шетелдік ғалымдардың мәртебесі жоғары болады. Халық пен мемлекет алдындағы мәртебесі биік. Ғалымдар айлық жағын көп ойлай бермейді. Өйткені оларға үлкен мөлшерде төленеді. Бірнеше мықты ғалымдармен жұмыс істеудің өзі жастарға үлкен стимул береді.

Алабамада оптометрияны меңгерген ғалым

Ал АҚШ-та еңбек етіп, біліктілігін арттырып жүрген Асылбек Жылқыбаев офтальмологияның бір тармағына жататын оптометрия саласымен айналысады. Алабама штатында көзілдірік жасау және көздің көру қабілетін арттыру тәсілдерін меңгеріп жүр. Мұхит асқанына 3 жылдың жүзі болыпты.

Асылбек Жылқыбаев, Алабама Университеті оптометрия және көз ғылымдары департаментінің маманы:

- АҚШ-та өте көп жағдай жасалған. Барлығымен қамтылған. Құрал-жабдықтар, химиялық заттар, реагенттер қолжетімді. Бағасы да жақсы. Нарықтық бағамен сатылады. Үстеме баға деген жоқ.

А. Сәбитов: Ғалымдарға жағдай жасалып жатыр

«Жас ғалым» жобасының жемісі

Елде 22 мыңға жуық ғылыми қызметкер бар. Олардың тең жартысы жастар.

Айдын Сәбитов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жобалық кеңсесінің жобалар тобының басшысы:

- Шетелде мықты халықаралық зерттеу орталықтары бар, кампустар бар. Ол жақта ғасырлар бойы үлкен нәтижеге жеткен. Әрине ол жаққа біздің ғалымдар бару керек. Мысалы, "Болашақ" бағдарламасының аясында. Ғылыми тағылымдамаға барады. Ол болу керек. Әрине ең бастысы шетелде білім жинап келген ғалымдар елге қайтса, нұр үстіне нұр болады.

Көп жас ғалым салалық ғылымды таңдайды. Осыған байланысты академиялық іргелі ғылымда маман тапшы.

Білікті кадрларды елде ұстап қалу үшін жастардың тұрмыстық мәселесін жеңілдетуге арналған бірқатар жоба әзірленді. Оған Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты 50-ден астам ұйымның ғалымдары өтінім бере алады.

Айдын Сәбитов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жобалық кеңсесінің жобалар тобының басшысы:

- «Жас ғалым» деген қаржыландыру жобасы бар. Онан бөлек жас ғалымдарға пәтер мәселесін шешу бағытында жоба басталып жатыр, Отбасы банкімен. Бұл жерде жас ғалымдарға тиімді пайызбен пәтер алуға мүмкіндік жасап жатыр. Ғалымдарымыз тұрмыстық мәселеге көңіл аудармай, толықтай ғылымға берілу үшін біз олардың белгілі бір қажеттіліктерін қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз.

Баспана несиесі жылдық 5 пайыздық ставкамен және кемі 10 пайыз бастапқы жарнамен беріледі. 40 жасқа дейінгі үміткерлер 20 млн теңгеге дейін қарыз алып, 19 жыл ішінде төлей алады. Пәтерге мұқтаж ғалымдардың кем дегенде магистр дәрежесі болуға тиіс. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына қатысып, жұмыс өтілі 3 жылдан асуы қажет.

Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров, Ақылбек Есімсейітов, Дмитрий Димитриев