Елімізде ғылымға ден қойған әйелдердің қарасы қалың

11 ақпан – ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні.

Бұл мерекені 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. Қазақстанда ғылым әлемін әрлеген әйелдердің қарасы қалың. Мысалы, PhD дәрежесі бар қыз-келіншектердің саны ер азаматтарға қарағанда 10%-ке артық.

Назарбаев университетіндегі ғылыми зертханада аса маңызды зерттеу жүріп жатыр. Дамира Қанаева бастаған ғалымдар тобы маймыл шешегін анықтаудың тиімді тәсілін осында сынайды. Ол үшін ғалым арнайы биосенсер әзірлеп жатқанын айтады. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Қауіпті вирус елге келсе, сақадай-сай дайын болуымыз керек, - дейді Дамира. Осынау күрделі ғылыми зерттеуге қыздар атсалысып жүр. Сол себептен болар, іліміздегі ғылыми ортада гендерлік мәселенің жоғына сенімді.

Дамира Қанаева, биолог ғалым:

- Енді, мысалға, қарау керек, біздің салада, биология саласында қыздар, әйелдер көбірек деп ойлаймын, әсіресе Қазақстанда. Ал енді дүниежүзінде қарасақ, ол енді, менің ойымша, ерлер де, ұл балалар да жүргізе береді. Биология саласында Қазақстанда көбірек әйел азаматтар, ал дүниежүзінде өйтіп бөлінбейді. Мысалға алатын болсақ, PhD  докторантурада оқыған кездегі менің бұрынғы профессорым – ол ер адам, ер кісі. Сондықтан оны бөлуге болмайтын сияқты, кім көбірек, өйткені әйел азаматтар декретке шығады, одан кейін қайтып келеді жұмысқа. Көбірек болғаны жақсы деп ойлаймын.

Елімізде ғылымға ден қойған қыз-келіншек қарасы қалың. Тіпті PhD  дәрежесі бар әйел саны ер азаматтарға қарағанда 10%-ке артық. Болашақ бағдарламасы бойынша магистратура тәмамдап, тағылымдамадан өткендердің 55%-і – нәзік жандылар. Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстандағы TECHNOWOMEN қауымдастығының төрағасы Әзиза Шөжеева осындай дерек келтіреді.

Әзиза Шөжеева, TECHNOWOMEN қауымдастығы басқармасының төрағасы:

- Ғылыми дәрежесі бар қыз-келіншек санына қарасақ, бәрі де жақсы сияқты. Алайда университет, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми орталық басшылары қатарынан сирек көрінеді. Яғни, ғылыми ортадағы әйел басшының саны аз. Міне, осы жерде гендердің аражіктің қаншалықты алшақ екенін байқаймыз. Сондықтан ғылымдағы әйел бейнесін мейлінше көбірек насихаттауымыз қажет. Ректор әйелдердің саны артса деп тілейміз. Әйткенмен, соңғы жылдары бұл бағытта жақсы үрдіс қалыптаса бастады. Бірақ жоғары оқу орындарын басқарып отырғандардың 30%-іне әлі жете қоймады.

Ұлттық статистика ұсынған соңғы мәліметке сүйенсек, 2000 жылдан бері елде жоғары оқу орындарының саны өскені байқалады. Алайда көш басындағы әйелдер үлесі 2022 жылға дейін сол деңгейде. Қазақстанда екі жыл бұрын ректор лауазымында 94 ер азамат пен 25 әйел болған екен. Демек, расымен, ғылым көшіндегі үлесі үштен бір бөлігіне де жетпейді.

Азиза Шужееваның айтуынша, бұның бірден-бір себебі академиялық ортада қалыптасқан дәстүрде жатыр. Яғни, осыған дейін ғалымдар ізбасар шәкірт ретінде ерлерді таңдап, тәрбиелеп, лауазымға ұсынып келген.

Айта кетейік, бұл – Қазақстанда ғана емес, күллі дүниежүзінде қалыптасқан үрдіс. Сол себепті гендерлік теңсіздікті жою жолында түрлі халықаралық конвенция мен құжаттар қабылданған. БҰҰ ұйымының даму бағдарламасы осы нормалардың іске асуын қадағалайды.

Ника Хартманн, БҰҰ ДБ Еуропа және ТМД бойынша аймақтық директорының орынбасары:

- Мәселені мойындап, шешу үшін Парламент қажетті шараны тұрақты түрде  іске асырып келеді. БҰҰ да, Қазақстан да тұрақты даму жолындағы түйткілді ашық айтып, гендерлік мәселені шешпек ниетте. Осы ретте біз үкіметке ратификацияланған конвенцияны іске асырудың техникалық жолдарын көрсетіп, көмектесеміз. Нәтижесінде орталық басқару жүйесінде де, жергілікті басқаруда да бірқатар қадам жасалған. Халықаралық стандартқа сай болу үшін заң жүзінде де, оқу-ағарту ісінде де, саяси шешімдерде де жақсы нәтиже байқалады.

1901 жылдан бері тек 64 ғалым-әйел Нобель сыйлығына қол жеткізген. Академиялық ортадағы гендерлік теңсіздікті осыған қарап-ақ бағамдай беріңіз. Дегенмен әйел ғалымдардың жеткіншек қыздарға үлгі ете білсек, кім білсін, Нобель сыйлығы иегерлерінің қатарына Дамира Қанаева сынды қазақ арулары да ілінер.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев.