Тасқыннан зардап шеккен аудандардың оқушылары Зерендіде демалып жатыр

Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен аудандардан 100-ге жуық бала лагерьде демалып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Олар Сандықтау және Зеренді ауданындағы демалыс орындарына орналасқан.

Қиын жағдайға тап болған балалардың көңілін аулау үшін ойын-сауық бағдарламасы әзірленген. Ал сабақтарын қашықтан оқып жүр.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Зерендідегі бұл демалыс орнында қазір Есіл ауданынан келген 20-ға жуық бала демалып жатыр. Оқушылар үшін мұнда барлық жағдай қарастырылған. Олар сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып, экскурсияларға барады.

Есіл ауданының әр ауылынан келген оқушылар қазір  тіл табысып, достасып үлгеріпті. Түске дейін сабағын оқып, түстен кейін түрлі мәдени шараға қатысады. Балалар облыс орталығындағы музейлерді де аралады. Зерендіні алғаш көріп, табиғатына тамсанып жүргендері де бар.

Солих Болат, оқушы:

- Мен Зерендіге бірінші рет келіп тұрмын. Зерендінің ауасы таза деген, шынымен ауасы таза екен. Бізге мұнда апайлар өте қамқор. Сабақты осы залда өтеміз. Сосын көптеген ойындар ойнаймыз. Арасында демаламыз.

Оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда, – дейді мамандар. Сондықтан тәлімгерлер ешкімді көзден таса қылмайды. Балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Медбике мен психологтар да тығыз жұмыс істейді

Сәбира Қабданова, сауықтыру кешенінің меңгерушісі:

- Бізде тағы қосымша балалармен психологтар да жұмыс істейді. Әрқайсымен жеке сөйлесіп, тренингтер өткізеді. Бұл жұмыстар өзінің оң септігін тигізеді деп есептеймін.

Ал Целиноград ауданынан келген 81 бала қазір Сандықтау ауданында тынығып жатыр. Бұл лагерьде де оқушылардың әр сағаты алдын ала жоспарланған.

Нұрсат Тілеуберді, оқушы:

- Бізде қазір бос уақыт жоқ. Біз көптеген үйірмелерге, билерге қатысып жүрміз. Мұнда бізге қатты ұнап жатыр.

Оқушылардың лагерьден кеткісі жоқ. Бірақ алдағы аптада демалыс аяқталады. Лагерь өкілдері қиын жағдайға тап болған басқа ауданның да  балғындарын қуанышпен күтіп алатынын айтады. Су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларына демалысты алғаш болып Ақмола облысы ұйымдастырды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.