Астанада кітапханалар жүйесі толықтырылды

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақты кітап оқуға баулуды ширата түсу қажеттігін айтқан болатын.

Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл ретте кітапхана ісін дамытуға да басымдық беру қажет. Президент пәрменінен кейін Астана қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» тағы төрт кітапханамен толықтырылды. Бұрын осы орталыққа қарайтын 18 кітапхана болса, қазір жиырма екіге жетті.

Оныншы сынып оқушысы Балнұр Нұрманова қалалық кітапханаға жиі келеді. Кітап оқуға құмартқан ол шетел әдебиетіне құштар. Оқыған туындыларын құрбыларымен талқылағанды да ұнатады. Балнұр «Санаға сілкініс жасау үшін кітапты көп оқу керек» дейді.  

Балнұр Нұрманова, 10-сынып оқушысы:

- Көбіне мені детектив жанры және қазақтардың шын өмірінде болған тарихтары қызықтырады. Ал кітапқа қызыққаным алтыншы сынып оқып жүргенде Ғали Орманов атындағы мектепте осы кітапханаға шақыратын. Содан Гарри Поттерды оқып машықтандым.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 18 кітапхана қарайды. Оның алтауы балаларға, он бірі көпшілікке, біреуі көзі нашар көретін жандарға арналған. 800 мыңнан астам қоры бар кітапхана 82 мың оқырманды қамтып отыр. Көбі мектеп оқушылары. 

Жәмила Жанарбек, кітапханашы:

- Балалардың кітапқа талғамы әртүрлі. Бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс істегендіктен балаларға ауыз әдебиетін ұсынамын. Себебі балалардың ой-қиялы, талғамы қалыптассын деп ойлаймыз. Содан кейін балалардың талғамы қалыптасқаннан кейін өздері таңдай бастайды кітапты.. көбіне ертегілер оқиды. Шытырманға толы, сюжетті жаңадан шығып жатырған Марвел Диснидің кітаптарын оқығанды ұнатады.

Ұлттық статистика бюросының биылғы мәліметіне сәйкес, елімізде 3 мың 924 қоғамдық кітапхана бар. Оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Көп жылдар бойы кітапханада қызмет еткен Ғалия Бөкейқызы балаларды бес-алты жастан кітап оқуға баулу керек дейді.  

Ғалия Исаханова, ҚҰУ ақпараттық кітапхана қызметінің басшысы:

- Шетелдік кітапханаларға барсаңыз бес, алты жастағы балалардың өзі құлаққап киіп алып, ескі пластинкаларды тыңдап отырады. Мысалы біздің кітаханаларда мұндай мүмкіншіліктер жоқ. Балалар келіп Алпамыс жырларын, Қобыланды жырларын тыңдап, не болмаса ескі біздің пластинкаларда жазылып кеткен күйлерді тыңдау, әндерді тыңдау жағынан әлі де кешеуілдеп жатырмыз.

Кітап оқу - ақыл тынысы. Оқырман үшін заманауи кітапханалар да бой көтереді. Мұны Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда айтты. Игі бастамалардың жалғасы іспетті елордадағы "Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі" тағы да төрт кітапханамен толықты.

Асантемір Қаршығаұлы, Мерей Талап