Өмірді сақтандыру арқылы қалай пайда табуға болады

Елде өмірін сақтандыратын азаматтар көбейіп келеді.

Осы салада жұмыс істейтін компанияларға былтыр 144 миллиард теңге түсті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10 процентке көп. Сондай-ақ нарықта сақтандыру компаниясы арқылы табыс табудың жолдары пайда бола бастады.

Нарықта бұл жүйе банк депозитіне балама саналады. Өйткені салған ақшаңыз өмірді сақтандырып қана қоймай, қосымша табыс әкеледі.

Өміріңді сақтандырып, қосымша пайда табуға болады. Сақтандыру компаниялары азаматтарға осындай мүмкіндік ұсынып отыр. Нарықта оны unit-linked деп атайды. Жүйенің қалай жұмыс істейтініне тоқталсақ. Сіз өміріңізді сақтандыруға салған қаржыңызды компания инвестиция ретінде пайдаланады. Яғни нарықта акциялар мен құнды қағаздарға салып, түскен табысты сізбен бөліседі. Оқыс жағдайға тап бола қалсаңыз, сақтандыру төлемін ала аласыз. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының директоры Ерлан Бурабаевтың айтуынша, unit-linked – сақтандыру мен инвестицияны бірлестірген жүйе. Енді өмірін сақтандыру арқылы табыс тапқысы келген азаматтардың құқығын толық қорғау үшін заңға өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Ерлан Бурабаев, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

- Өмірді сақтандыруға қажетті қаржыны бөліп төлеуге болады. Сәйкесінше жинақ біртіндеп көбейеді. Ол инвестиция ретінде жұмсалады. Сақтандыруға қаржы салуды 10 мың теңгеден бастауға болады. Ол компанияның ішкі ережелеріне байланысты. Бірақ салым ай сайын төленуі керек. Қаржы салуды қанша уақыт жалғастыратыныңызды да өзіңіз таңдайсыз.

Сақтандыру жинағы 11% артты

Былтыр сақтандыру сыйақысының жинағы 11 процентке артып, 511 миллиард теңге болды. Оның 41 проценті ерікті түрді мүлікті сақтандырғандардың үлесінде. Ал сақтандыру төлемдері, керісінше, азайды. 2019 жылмен салыстырғанда 32 процентке кем. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, бұл экономикалық белсенділіктің төмендеуімен байланысты. Карантиндік шектеу кезінде көптеген компания қызметін уақытша тоқтатты. Жол апаттарының да саны азайды. Тек 2020 жылдың соңына қарай оқыс жағдайға тап болғандарға өтемақы төлеу көбейген.

Еуропа экономикасының даму қарқыны бәсеңдеді

Еуропа экономикасының даму қарқыны бәсеңдеді. Бұған дейін сарапшылар наурызда шектеулер жеңілдеп, жұрт карантин кезінде жиған қаржысын жарата бастайды. Бұл іскерлік белсенділікті арттырады деп болжаған еді. Бірақ вирустың жаңа штамының таралуы болжамды теріске шығарды. Қазір мұнда мерзімі ұзарған. Есесіне еуропалықтардың жинақтағы қаржысының көлемі артып жатыр. Мәселен, германиялықтардың жинағы рекордты деңгейде көбейіп, 16,2 процентке жетті. Былтыр 11 процент болған. Францияда өткен жылдың соңғы тоқсанында 22 процентке артқан. Италия мен Испанияда ұқсас жағдай. Қарапайым тілмен айтқанда, тұрғындар қашықтан болса да жұмыс істеп, айлығын алып жатыр. Бірақ бұрынғыдай сауық-сайран құрып, саяхаттай алмайды. Қаржысын жаратпайды. Жағдайдың қашан оңалатыны туралы да болжам жасау қиын. Еуропа елдерінде вакцина егу науқаны жоспардағы кестеден кешігіп жатыр.

Суэц каналы жабылып, нарықта мұнай қымбаттады

Әлемдік нарықта мұнай қымбаттады. Сарапшылар бағаның өсуін Суэц каналында жүк таситын алып кеменің қайырлап қалуымен байланыстырады. Ever Given деп аталатын кеме сейсенбі күні Қызыл теңізден Суэц каналына кірісімен қайырлап қалған. Салдарынан екі бағытқа да қозғалыс шектеліп, су жолымен жүк таситын жүз елуден астам кеме кезек күтіп тұр. Оның арасында 13 миллион баррель мұнай тиеген оншақты танкер бар.

Ever Given кемесі Қытайдан Нидерландтың Роттердам портына бағыт алған екен. Үстінде 20 мыңнан астам контейнер бар. Кеменің ұзындығы 400, ені 60 метрге жуықтайды. Оны шығаруға оншақты буксир жұмылған. Әзірге қозғалта алар емес. Суэц каналының әкімшілігі құтқару жұмыстары тағы екі күнге созылуы мүмкін екенін айтты.

Әлемдегі контейнер тасымалының 30 проценті дәл осы Суэц каналы арқылы қатынайды. Бұл жерден тәулігіне 50 кеме ары-бері өтеді. Оның жабылуы туралы ақпараттан кейін Лондон нарығында Брент маркалы мұнай 5 процентке қымбаттап, бір баррелі 64 доллдарға жуықтады.

Алтын қайта қымбаттады

Әлемдік нарықта алтын қайта қымбаттады. Нью-Йорктің тауар биржасында сәуір айында жеткізілетін алтынның тройск унциясы мың 733 долларға саудаланып жатыр. Оған мемлекеттік облигациялардан түстетін табыстың азаюы және Еуропа елдеріндегі локдаун әсер етті. Сарапшылар егер қазына облигацияларының пайдасы кеми түссе, алтын одан әрі қымбаттауы мүмкін деп болжайды. Мәселен, АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларынан түсетін табыс кейінгі бір аптада күрт төмендеген. Еуропада жаңа локдаун жарияланғаннан кейін акциялары арзандады. Сондықтан бизнесмендер қаржысын құнды қағаздармен емес, алтын күйінде сақтауды жөн санап отыр. Өйткені тұрақты. Десе де АҚШ долларының төрт ай ішінде алғаш рет нығаюы инвесторлардың сенімін өзіне қайтарып, алтынға бәсекелес болып тұр.

Ұлыбританияда 11 мың дүкен жабылды

Былтыр Ұлыбританияда 11 мың 300 дүкен жабылып қалды. Бұл туралы корольдіктің Local Data Company зерттеу орталығы жариялады. Олардың ақпаратына қарағанда, бір жылда осынша дүкеннің жабылуы 2013 жылдан бері алғаш рет тіркелді. Салдарынан 110 мың адам жұмыссыз қалды. Жұмысын тоқтатқан дүкендердің көбі қарапайым заттар және бренд тауарлар сатқан. Арасында ұялы телефон, жылжымайтын мүлік агенттіктері де бар. Десе де шаштараз, сұлулық салоны, жылдам тамақтану орталықтары көптеп ашылған. Мамандардың пайымынша, 2021 жылы елде тағы 18 мың дүкен жабылып қалуы мүмкін. Өйткені биыл мұнда мемлекет тарапынан берілетін көмек тоқтайды.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 421 теңге 29 тиынға бағалады. Еуро 500 теңге 96 тиынға тең. Ал Ресей рублі 5 теңге 69 тиын деп белгіленді.