Кредит бойынша қарызын кешіктіргенге жеңілдік жасалады

Енді елде несиесін төлеуді кешіктірген азаматтарға жеңілдік жасалады. Мұндай мүмкіндік заң жүзінде бекітілген. Ол үшін қарыз төлеуші кредиторға немесе банкке өтініш қалдырады. Яғни жеке басын растайтын мәліметтерді ұсына отырып, не себепті қарызын қайтара алмағанын түсіндіруі тиіс. Ал банктер өтінішті алған күннен бастап 15 күн ішінде азаматтың қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдайды. Егер мақұлдаса, қарыз төлеу талаптары қайта жасақталады. Мамандар қарыз төлеушінің талап-тілегі қабылданбаған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге кеңес береді. Ол үшін Е-гов порталы немесе  е-өтініш электронды сервисі мен Агенттіктің байланыс номеріне хабарласу керек. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін өтінішті қашықтан жолдау қарастырылған.   

Тәтті сусындарға акциз енгізіледі 

2023 жылдан бастап тәтті сусындарға акциз енгізіледі. Әуелі 15 процент, ал 2025 жылға қарай салық көлемі 45 процентке көбейеді. Мұндай шара қоғамда өмір салтын қалыптасыруға бағытталған ұлттық жоба аясында қабылданып отыр. Бұған дейін тәтті сусын өндірушілер бастамаға қарсы шыққан еді. Тіпті 17 мыңдай адамның жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтылды. Қазір елімізде құрамында қант бар сусын шығаратын 431 компания бар. Олардың ішінде шағын компаниялар үлесі 95,4% процент. Егер жаңа бастама жүзеге асса, дәл осы шағын бизнес айтарлықтай зардап шегеді, дейді сала мамандары. Әрі өнім бағасы қымбаттауы мүмкін. Десе де, жауаптылар бұл құрамында қанты бар сусын ішуді азайтады дегенді айтады. Себебі соның кесірінен елімізде қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамыры аурулары көбейіп кеткен.

Пайлық инвестициялық қорларға қаржы салатындар көбейді 

Қазақстандықтар пайлық инвестициялық қорларға қаржы салуды көбейтті. Елдің қаржылық сауатының артуы, банк депозиттері тартымдылығының төмендеуі мен инфляцияның жоғарылауы халықтың түрлі инвестициялық құралдарға деген  сенімін арттырды. Бүгінде  интервалды және ашық пайлық инвестициялық қорлардың таза активі былтырғыдан 2,2 есе көбейіп, 129 млрд теңгеге жуықтаған. Валюталық пайлық инвестциялық қорлар доллармен инвестиция жасауға мүмкіндік береді. Активтердің шамамен 95%-і шетел валютасында сақталған.  Елдегі ең ірі пайлық инвестициялық қорлардың көшін  Halyk Finance бастайды. Оның активі 57,2 млрд теңге. Екінші орында BCC Invest, үздік үштіктІ Jusan Invest түйіндейді.

Әйелдер басымдық еткен бизнес 

Елде іскер әйелдер көбейіп келеді. 1 қазандағы мәлімет бойынша республикада 29 жасқа дейін қыз-келіншектер басқаратын 10 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны бар. Бұл былтырғыдан 14,5% көп. Соның 7,6 мыңы қалада, қалғаны ауылдық жерде ашылған. Өңірлер бойынша кәсіпкер әйелдер ең көп аймақ Алматы. Оңтүстік астанада әйелдердің иелігінде 2 мың жарымға жуық компания тіркелген. Елордада 2 мың және Шымкентте 650 компания бар. Көпшілігі көтерме және бөлшек саудада, автокөлік жөндеу саласында іс бастаған. Аталған салаларда әйелдердің иелігендегі компания саны 3 мыңға жетті. Екінші орында құрылыс саласы. Мұнда арулар жетекшілік ететін компания қатары бір жыл ішінде 5 жарым процентке артқан. Сондай-ақ  білім беру, кәсіби, ғылыми және әкімшілік қызметтерде табыс тауып жүргендер жетерлік.