Теңге бағамы әлсірей бастады

Алайда сарапшылар мұнай бағасына қарап, ұлттық валюта әлі де нығаяды деген болжам жасап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теңге бағамы тағы әлсіреп барады. Ресей рублінің долларға шаққанда нығайып, қара алтын құны барреліне 120 доллар болғанына қарамастан, кеше KASE биржасындағы таңғы сауда-саттықта біздің валюта әлсіреп, бір доллар 436 теңге болып басталды. Ал кешкі сауда-саттықта валюта бағамы тағы құбылып, бір доллар 433 теңге төңірегінде тоқтады. Қазақстанда экспорттаушылар бюджетке салық төлейтін салық аптасы осы айдың соңына қарай басталады. Бірақ Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының ақша айырбастау орындарында теңге бағамы 432-439 аралығында. Сарапшылардың сөзінше, теңгенің әлсіреуіне доллар индексінің өсуі себеп болуы мүмкін. Доллардың басқа әлемдік валюталарға қатысты құнын көрсететін индексте ол 102 деген көрсеткішке жетті. Доллар құны АҚШ мемлекеттік облигациялары бойынша кірістің өсуінен қымбаттаған. Бірақ тұтынушылық инфляция рекордтық деңгейде болғандықтан, АҚШ федералдық резервтік жүйесі ақша-кредит талаптарын қатаңдатуы мүмкін. Нарық қатысушылары осындай болжам жасады дейді @tengenomika.

ВАЛЮТАЛЫҚ ТҮСІМДІ САТУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін міндетті түрде сату туралы уақытша норма 50%-ден 75%-ке дейін өсті. Бұл туралы Ұлттық банк нарық сарапшыларымен кездесу кезінде алғаш рет айтты. FINANCEkaz сарапшыларының сөзінше, норманың 75%-ке жеткені бұған дейін ресми түрде бірде-бір қаулымен немесе жарлықпен расталған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың наурыз айында Үкімет квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін ішкі валюта нарығында сату туралы шешім қабылдады. Норма жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі 50%-тен асатын экспорттаушы кәсіпорындарға қолданылды. Бұл ұлттық валютаны тұрақтандыру үшін жасалған шара болатын. Ал соңғы мәлімдемеде «Валюталық түсімді міндетті түрде сату – бұл уақытша шара. Бұл талап жыл соңына дейін қолданылады. Бірақ біз оны ұзартамыз ба, жоқ па әлі белгісіз», – деді Ұлттық банк өкілі.

АУАНЫ ЛАСТАУ АЗАЯДЫ

Қазақстандағы энергетика мен мұнай-газ саласындағы ұлттық және шетелдік компаниялар экологияға бет бұрды. Олар өндіріс орындарындағы ауаға бөлінетін көмертегі көлемін барынша азайтып, ал 2060 жылға қарай көміртегіден ада болуға ниетті. Ол үшін компаниялар көміртегін кәдеге жаратып, метан бөлінісін басқару, энергия тиімділігін арттыру және көміртегі бағасын іштей белгілеу тетіктерін зерттейді. БҰҰ Климаттық амбициялар саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегіге бейтарап мемлекет болатыны туралы айтқан. Осы орайда отандық мұнай-газ компаниялары осы бір зиянды газ бөлінісін алдағы он жылда 15 процентке төмендетуді жоспарлап отыр.

МҰНАЙ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

Еуропалық Одақ енгізген эмбаргоға байланысты мұнай қымбаттауы мүмкін. 30 мамырда Еуропалық Одақ жыл соңына дейін Ресей мұнайының теңіз импортынан біртіндеп бас тартатынын жариялады. Шектеулер Ресейден экспортталатын шикі мұнайдың үштен бірін қамтиды. Аталмыш шаралар жазда күшіне енетінін ескерсек, мұнайға сұраныс артқанда баға да өсуі мүмкін дейді сарапшылар. Бұл ретте ОПЕК елдерінің мұнай өндіруді арттыруға мүмкіндіктері шектеулі. Ал әлемнің ірі экономикаларының өсімі баяуласа, бұл котировкаларға тежеуші фактор болуы мүмкін. Еуропа елдері ресейлік мұнайдан бас тарта бастағаннан кейін, Brent және Urals алып-сатудағы баға айырмашылығын арттырды. Биыл наурыздан бастап спрэд орта есеппен барреліне 25 доллар болды. Бірақ бұрын айырмашылық шамалы болған. Бұл Ресей ішінара сатып алушыларға қосымша шығындарды өтеу үшін өз мұнайын жеңілдікпен сата бастады деген сөз. Қазақстан үшін котировкалардың өсуі, жақсы болары сөзсіз. Бұл ретте теңге нығаяды. Алайда теңгенің долларға шаққанда бағамы пандемияға дейнгі деңгейге жетпейді дейді RiskTakersKZ телеграмм-арнасы.