Еліміздің төрт өңірінде жұмыссыздар саны көбейді

Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыссыздар саны 4 өңірде көбейді. Олар  Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен кейінгі үш айда Жамбыл облысында екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны 0,2 процентке көбейген. Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облысы және Шымкент қаласында 0,1 процентке артты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда жыл сайын 300 мыңдай азамат еңбек нарығына қосылады. Олар 2000 жылдан кейін дүниеге келген жаңа буын. Осыны ескере отырып, жұмыспен қамту саясаты да жаңарады. Есік сығалап, түйіндеме тарату келмеске кетеді. Министрлік бос жұмыс орындарын электронды еңбек биржасына орналастырып, жүйелі түрде онлайн жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін пилоттық режимде сыналды. Енді 24-30 маусым аралығында Респубилка бойынша өтеді. Бүгінде электронды еңбек биржасында 691 кәсіпорын 13 мың 500-ден астам жұмыс орнын ұсынып отыр.

Елде еңбекке жарамды азаматтардың 4,9 проценті екі қолға бір күрек таппай жүр. Сорақысы сол жұмыссыздардың қатарында  жастар көбейіп барады. Өткен жылы  жастар арасындағы жұмыссыздық 3,7 процент болса, биыл 3,9 процентке жеткен. 

500 МЫҢ АДАМ ОНЛАЙН ПЛАТФОРМАЛАРДА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Қазақстанда 500 мыңдай адам Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Алайда олар әлеуметтік жағынан мүлде қорғалмаған. Еңбекке жарамсыз болып қалса, жұмысы мен табысынан айырылса, бала күтіміне байланысты демалысқа шықса ешқандай әлеуметтік төлем ала алмайды. Енді министрлік онлайн платформа арқылы жұмыс істейтіндерге әлеуметтік кепілдік беру тетіктерін қарастырады. Жоба бірінші шілдеден бастап пилоттық режимде іске қосылмақ. Соның нәтижесінде заңға өзгеріс енгізіледі. Министрдің айтуынша мұндай тәжірибе Корея мен Қытай елдерінде бар. Ресей, Еуропа елдері де қолға алып жатыр.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Барлық платформа басшыларымен келістік. Биылғы жылдың соңына дейін пилотты түрде қазірге ыңғайландырылған салық төлеу, ыңғайландырылған әлеуметтік төлем жүргізейік деп. Бірден айтайын біздің жасап жатқан өзгерістеріміз бүгінгі ыңғайлы жағдайға ешқандай кедергі келтірмейді. Қазір қалай тіркеліп жұмыс істеп жүрген болса солай жұмысв істейді.

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫ ЖАҢА АТАУМЕН ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Қазақстан мұнайы шетелге KEBKO  Kazakhstan Export Blend Crude Oil деген жаңа атуамен экспортталады. Бұл туралы «Қазмұнайгаз» компаниясының өкілдері хабарладлы. Мұндай қадам Қазақстан мұнайын Ресейлік қара алтыннан ажыратып алу мақсатында жасалды. Себебі кейбір трейдерлер Ресейге салынған санкцияларға байланысты қазақстандық қара алтынға да күмәнмен қарайтын болды. Яғни Ресейден келуі мүмкін деп ойлайды. Осының ара жігін ажырату үшін мұнай компаниялары құжаттарда мұнай атауын өзгертуді жөн санаған. Айта кетейік, биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қара алтынның орташа бағасы 102 доллар болды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67 процентке көп. Сәйкесінше, ҚазМұнайГаздың да табысы 64 процентке көбейіп, 1 млрд 957 млн теңгені құрады.

446 МЛРД ТЕҢГЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНА ҚАЙТАРЫЛДЫ 

Біріңғай зейнетақы қорындағы шекті сомадан асқан қаржыны пайдалануға 1 млн 700 мың отандасымыз өтініш берген. Олардың есеп шотына 3,1 трлн теңге аударылды. Алайда соның 446 млрд теңгесі дер кезінде мақсатты түрде жұмсалмағандықтан қорға қайтарылды. Мәліметтерге қарағанда уақытылы игере алмағандардың 59 проценті қаржыны жеке үй салу мақсатында сұраған. Емделу мақсатында сұралған 298 млрд теңгенің 30 млрд игерілмей қорға қайтарылды. Сондай-ақ ипотекалық қарызын жабуды қалағандардың 7 проценттейі мақсатына жете алмады. Қор мамандарының айтуынша өтініш берушілер көбіне қаржыны белгіленген мерзімде мақсатты түрде жаратып үлгермеген. 

КАСПИЙ АРҚЫЛЫ ТАУАР ТАСЫМАЛЫ 6 ЕСЕ АРТАДЫ 

Жыл басынан бері Каспий теңізіндегі сауда порттары арқылы тасымалданатын жүктің көлемі екі есе артты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 6 есеге көбейеді деген болжам бар. Себебі геосаясаттағы ахуалға байланысты тарнскаспий халықаралық көлік дәлізі Еуропамен Азияны жалғайтын төте жол болып тұр. Осы мүмкіндікті Қазақстан мен Әзірбайжан тиімді пайдаланып, өзара тауарайналымды арттыруға ниетті. Қазірдің өзнде елдегі 80-нен астам компания Әзірбайжанға 105 тауар түрін экспорттайды. Жалпы сомасы 272 млн долларға тең. Бакуге арнайы барған сауда-экономикалық миссия құны 38 млнн доллар болатын тағы 8 келісімге қол жеткізді.

Айта кету керек, былтырдың өзінде Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы тауар айналым 2020 жылмен салыстырғанда 3 есе көбейіп, 332 млн доллардан асқан. Биыл үш айда 100 млн-ға жуықтады. Әзірбайжанға көбіне темір жол локомативі, мұнай өнімдері, болат және астық экспорттаймыз. Ал бұл елден тауарлы пропилен, жаңғақ, тоқыма бұйымдар, электр желілері импортталады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа