Brent маркалы мұнай арзандады

Экономистердің айтуынша, әлемдегі қара алтын құны төмендеген сайын біздің ақша да әлсірейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егер қомақты жинақ болса, оның бір бөлігін теңгемен депозитте ұстаған жөн. Өйткені қазір банктер жинақтарға жоғары пайыздық мөлшерлеме ұсынады. Әлемдік орталық банктер ставкаларын одан әрі көтеруі мүмкін. Ал бұл экономикалық рецессия қаупін тудырады. Салдарынан Brent маркалы мұнайдың қараша айындағы фьючерстері барреліне 90 долларға дейін төмендеді. Ал АҚШ долларының индексі керісінше өсіп, 110 деген көрсеткішке таяп қалды. Сайып келгенде, мұнай бағасының төмендеп, доллардың жаһандық нығаюы біздің ұлттық валютамызға теріс әсер етеді.

Айта кетейік, қазір Астана мен Алматы қалаларында АҚШ долларының бағамы 475-479 теңге аралығында. Бірақ құнсызданып жатқан біздің валюта ғана емес. Әлемдегі алып державалардың ақшасы да қазір америкалық валютаға қарағанда әлсіз дейді экономист.

Мақсат Халық, экономист:

– Қазір теңгенің құнсызданып жатқанының ең негізгі факторы ол доллардың индексінің көтерілуі. Бұрын-соңды болмаған доллардың индексі үлкен көрсеткіштерге жетті. Нәтижесінде долларға қатысты резервтік валюта бар. Ол швейцариялық франк, Еуропалық одақтың еуросы, фунт стерлинг, Жапонияның иенасы және Қытайдың юані. Бәрі долларға қатысты әлсіреді. Доллар өзінің күшін қазіргі уақытта көрсетіп жатқан жағдайда.

ТЕҢГЕ ТАҒЫ ҚҰНСЫЗДАНДЫ

Егер дамыған елдердің ақшасы құлдыраса, дамушы елдердің валютасы тиісінше, одан әрі әлсірей береді. Осы тұста экономист түріктің лирасы мен Бразилияның реалын мысалға келтірді. Біздің теңге де алысқа кетпей, әлсіреуі мүмкін дейді маман. Бірақ доллар индексінен бөлек төл ақшамызға қара алтын құны да ықпал ететін білеміз. Мұнай қымбаттаса теңге тұрақталады, мұнай бағасы түссе, теңге әлсірейді. Қазір қара алтын құны біраз төмендеді.

Мақсат Халық, экономист:

– Мұнайдың бағасының түсе бастағанын көріп отырмыз. Оның негізгі себебі соңғы уақытта қытайдың іскерлік индексі шыққан болатын. Ол біраз бәсеңдеген. Демек өндірісі ортая бастады. Демек шикізатқа да сұраныс өте жоғары болмайды дейді. Осындай сигналдар белгілі бір дәрежеде шикізат бағытында мұнай бағасының кішкене болса да әсер етіп жатыр. бұдан бөлек АҚШ экономикасында да рецессия болуы мүмкін деген болжамдар бар.

Иә, АҚШ экономикасы келер жылы рецесссияға ұшырап, өсімі баяулайды деген болжам бар. Дегенмен Қазақстан мен құрама штаттар арасындағы тауар айналымы қарқынды жүріп жатыр. мысалы, биылғы жеті айда қос ел арасында 1,5 млрд долларға сауда жасалды. Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 77%-ға өсті. Негізгі экспорттық тауарлар: шикі мұнай, ферроқорытпалар, күкірт, қара металдардан жасалған құбырлар, түтіктер және жіксіз профильдер, тантал және одан жасалған бұйымдар. Ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт биыл жеті айда 11,4% - ға өсті. Мұхит асып келген тауарлар тізімінде вакуумдық сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер, дәрілер, вакциналар, жеңіл көліктер, құс еті мен тағамдық қосымшалар бар.

Бұдан бөлек, АҚШ инвесторлары біздің елде түрлі жобаларды жүзеге асыруға ниетті, деп хабарлайды LS сараптама агенттігі. Инвестициялық пулға сәйкес Қазақстанда АҚШ инвесторларымен бірлесіп, сегіз жобаны іске асыру жоспарланған. Жалпы құны 321 млрд теңге. Бұл жобалар биылдан бастап 2027 жылға дейін Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматыда іске асырылады. Соның ішінде, қазір үш нысан салынып жатыр.

СУЭЦ КАНАЛЫНАН ӨТУ ҚҰНЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Египет билігі Суэц каналынан өтетін кемелердің өту ақысын 15%-ға өсіреді. Бұл туралы Суэц каналы басқармасының басшысы Усама Рабиа хабарлады. Ол мұндай шешімді былай деп түсіндірді. «Танкерлерді жалға алу құны биыл 88%-ға, ал сұйытылған табиғи газды тасымалдайтын кемелерді жалдау 11%-ға өсті».

Айта кету керек, Суэц каналы қазіргі уақытта әлемдік жүк тасымалы ағынының шамамен 12%-ын қамтамасыз етеді. Канал ең үлкен жүктемесі бар әлемдік мұнай тасымалданатын су жолдарының бірі. Сұйытылған табиғи газды тасымалдайтын кемелердің 8% осы жол арқылы өтеді. Суэц каналынан жылына 19 мыңға жуық кеме жүреді. Ондағы тарифтердің өсуі мұнай мен газдың бағасына әсер ететіні сөзсіз дейді сарапшылар.