Қазақстан-Венгрия: Инвестициялық жобаға 500 млн доллар жұмсамақ

Қазақстан мен Венгрия инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін шамамен 500 млн АҚШ долларын жұмсауға келіссөз жүргізді.

Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен венгриялық әріптесі Петер Сийярто ресми кездесуде айтты. Қос тарап саяси, экономикалық, гуманитарлық бағыттар бойынша байланысты нығайтуға мүдделі. Қазақстанның Шығыс Еуропадағы серіктесі ауыл шаруашылығы, машина жасау, логистика салаларына инвестиция құюды көздеп отыр. Сондай-ақ келер жылы ЕО кеңесін басқаратын Венгрия қазақстандық азаматтар үшін визалық режимді жеңілдетуге қолдау білдіретінін айтты. Атом энергетикасы саласында маман даярлау ісіне де қолғабыс ететінін жеткізді. Министр Сийяртоның сөзінше, Қазақстан Мажарстанның негізгі энергиялық қауіпсіздік көзіне айналды. Осы себепті жақында венгриялық MOL компаниясының қатысуымен Батыс Қазақстандағы Рожковское газ кен орнын игеру жұмыстары басталады. Мұнан бөлек, қазақстандық студенттерге арналған стипендиялық бағдарлама жалғасын табады.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

- Бұған дейін біз өзіміздің дәстүрлі бағыттарымыз болған болса екіжақты қарым-қатынастың, бүгінгі таңда жаңа бағыттар ашып жатырмыз, жаңа салалар ашып жатырмыз. Атом энергиясы саласындағы өзіміздің екіжақты орнап жатқан байланыстарымызға қоса су ресурстарын басқару мәселесіне біз ортақ мүдде тұрғысынан қарап, Орталық Азиядағы су проблемасын шешуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында және басқа салаларда су ресурстарын қолдануды жетілдіру бойынша өзара жақсы уағдаластықтарға қол жеткіздік.

Петер Сийярто, Венгрия Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі:

- Венгриялық компаниялар Қазақстанның жаңартылған энергетикасын дамытуға шамамен 250 млн еуро көлемінде инвестиция салып, Қазақстанның бірқатар өңірін "жасыл аймаққа" айналдыру жобаларын жүзеге асырады.