Қарағанды облысында әкімшілік кедергісіз кәсіп ашуға болады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар өңірге жасаған үш күндік сапарынан соң осындай қорытындыға келген. Заңнамаға жемқорлықтың жолын кесетін тағы қандай өзгерістер енгізілді? 

Қарағанды облысындағы автобус шығаратын мына зауыт өте қысқа мерзімде іске қосылған.

Мамандардың айтуынша, бұған бизнеске тұсау болатын түрлі бюрократиялық кедергілердің жойылуы ықпал етті. Мәселен, елімізде мемлекеттік қызметтің 200-ге жуық түрі болса, соның 56 проценті қазір электронды форматқа көшкен. Аймақта 48 фронт-кеңсе, 18 сервистік әкімдік жұмыс істейді. 

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

- Қазір өңіріміздің барлық аудан, қалаларында «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Біздің облыс алғашқылардың бірі болып, «Жақсылық акселераторы» жобасын қолдады. Соның негізінде аймағымызда бірнеше волонтерлік корпус ашылды. Бұл шаралардың барлығы келешекте жемқорлықтың жолын кесуге көмектеседі.

Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер осыдан 10 күн бұрын ғана күшіне енді. Соның арқасында елімізде жемқорлық қылмысын одан әрі азайтуға мүмкіндік туып отыр, дейді мамандар. Мәселен, енді кез келген мемлекеттік орган басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы шараларды қолға алмаса жазаланады. 

Нұрлан Шабдар, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

- Біздің мамандар сыбайлас жемқорлық қылмысына итермелейтін кез-келген әрекетке сараптама жасайды. Егер ондай жағдай анықталса, мемлекеттік органның басшысына ескерту жасалады. Ал ол ешқандай шара қолданбай, жемқорлық әрекет бірнеше рет қайталанса, біз жауапсыз басшыны жазаға тартамыз.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері елімізде сыбайлас жемқорлық қылмысы 46 процентке азайған. Себебі қазір қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресуге басымдық беріліп отыр.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев