Павлодар облысында биыл сәбізден гөрі картоп көп егілген

Енді аз күнде еліміздің шаруалары сәбіз жинауға кіріседі. Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданында биыл бұл көкөніс жылдағыдан аз егіліпті. Қуаңшылыққа байланысты басымдық картопқа берілген.

Ақтоғай ауданында гектарына 36 тоннадан картоп қазылып жатыр. Науқанды өткізуге ауа райы қолайлы болып тұр. Алқаптардың жартысынан көбінде өнім жинау ісі аяқталған. Картоптың сапасы көз қуантарлық.

- Күніне 30–35 бункер біз істейміз. Уборка жақсы өтіп жатыр. Жаңбыр жоқ. Осы сәтті тиімді пайдалану қажет. 

Картопқа сұраныс жоғары. Дала төсінен сатылып кетеді. Биыл өнімнің құны айтарлықтай қымбаттаған. Нарыққа бір келісі 85 теңгеден кетіп жатыр. Әлеуметтік дүкендерде шамамен 10 теңгеге арзан. Тұрақтандыру қорына бөлінетін көкөніс түрлері арнайы қоймаларға құйылады. Көктемде қымбатшылыққа жол бермеу үшін жергілікті атқарушы билік фермерлермен келісімге келеді. 

Шаруашылық картоп сұрыптайтын жаңа техника алған. Ол қолмен атқарылатын жұмыс ауқымын азайтуға сеп болды. Карантин ережелері көкөніс қоймаларында да қатаң сақталады. Адамдардың көп жиналуына жол берілмейді.

Лилия Бельдина, жұмысшы:

- Өте қолайлы. Қоқыс аз. Бұрынғыдай емес картопты тап-таза күйінде жібереміз. Жұмыс бұрын күрделі болатын. Қазір жақсы, жеңіл.

Заманауи кешен жұмыс өнімділігін арттырып отыр. Бірден тауарлы және тұқымдық картоп болып екі бөлек сұрыпталады.

Людмила Дебелова, жұмысшы:

- Жақсы көмектеседі. Бұрын тас көп кететін. Қазір тас жоқ, қоқыс та аз кездеседі. Картоптың сапасы жақсы. Тұқым қоры да жақсы болады деп ойлаймын.

Көктемде ең қымбат көкөніс түріне айналған сәбіз жинау науқаны енді басталады. Егіс алқаптарында қазір комбайндар мен тракторлар өтетін жолдар дайындалып жатыр. Суармалы егіс алқаптары қуаңшылықтан зардап шекпеген. Бірақ суға екі есе көп шығындануға тура келіпті.

Александр Киселёв, шаруашылық директорының орынбасары:

- Өнім көрсеткіші жақсы болады деп отырмыз. Өткен жылы гектарына 70 центнерден келген.

Келесі кезекте қызылша мен қырыққабат тұр. Биыл көкөністі жылдағыдан ұзағырақ сақтауға мүмкіндік туған. Жақын болашақта бес мың тонналық жаңа көкөніс сақтау қоймасы іске қосылады. Тоңазытқышпен жабдықталған қоймаларда өнім келесі науқанға дейін бұзылмай сақталады. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков