Саран қаласында автомобиль дөңгелегін жасайтын зауыт ашылады

Келер жылы Қарағанды облысындағы Саран қаласында автомобиль дөңгелегін жасайтын зауыт ашылады. 2025 жылға дейін «Kama TyresKZ» деп аталатын кәсіпорын жылына жеңіл көліктерге арналған 3 миллион дана, жүк көліктеріне арналған 500 мың дөңгелек шығармақ. Зауыт мың 100 адамды жұмыспен қамтиды. Мамандардың алдыңғы легі Ресейде «Татнефть» -ке қарасты зауытта тәжірибеден өтіп жатыр. Бірер күн бұрын олар біліктілік емтиханын сәтті өтіп, іске кірісті. 

Қазақстандықтар жасаған алғашқы өнімге ерекше таңба басылды. Су жаңа КАМА GRANT дөңгелегіне «KamaTyresKZ мамандары жасады» деп жазылған. Енді ол компанияның музейінде сақталмақ. 

Эдуард Миронов «Нижнекамскшина» АҚ Атқарушы директоры:

- Бірер күн бұрын Kama TyresKZ зауытының болашақ жұмысшылары біздің кәсіпорында біліктілік емтиханын сәтті тапсырды. Бұл оларға маман ретінде өздігімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бүгін сыннан сүрінбей өткендері іске кірісіп, алғашқы дөңгелектерді жасап шықты.

Қазір Ресейдің Нижнекамск қаласындағы KAMA TYRES кәсіпорында 98 қазақстандық тәжірибесін шыңдап жүр. Көбі зауыт салынып жатқан Саран қаласының тұрғыны. Қазан айының соңында тағы бір топ отандасымыз Нижнекамскке келді. Барлығы жатын орын, тамақпен қамтылған.

Ильназ Ямалиев, «KAMA TYRESKZ» ЖШС директорының орынбасары: 

- Бөлмелері жақсы жабдықталған, таза, жарық, жайлы. Қазақстанда ашылатын зауытта жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдауы үшін барлық жағдай жасалған. Олар 2-3 айдан кейін жеке дара маман ретінде жұмысқа қосылуы үшін алдын ала қамданып жатырмыз. 

Қазақстаннан барған мамандар KAMA TYRES кәсіпорында бірнеше бағыт бойынша тәжірибе жинайды. Алғашқы айларда теориялық білім алса, кейін зауытта іс жүзінде шыңдалады. Оларға жергілікті мамандармен теңдей жалақы жазылады.  Kama TyresKZ «Татнефть» компаниясы мен «Аллюр» компаниялар тобының бірлескен жобасы. Басшылары зауыт ашылғанға дейін осы тәсілмен 500 маманды оқытып алуды жоспарлап отыр.

Талғатбек Әбдіқожа