Субсидиялау кезіндегі жемқорлыққа тосқауыл қою мүмкін бе

Ауыл шаруашылығында жемқорлық көбіне субсидияға келіп тіреледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті жерлерде шенеуніктер пара алып, бармақ басты көз қысты әрекеттерге жол береді. Бұл жылдар бойы тамырын тереңге жайған үрдіс. Сорақысы, оған тосқауыл болатын заң жобасы пәрменсіз. Мәжілістің жалпы отырысында төраға Ерлан Қошанов бар шындықты жайып салды. Тіпті, бұл мәселе ушығып халықтың ашу-ызасын тудырғанын жасырмады. Бірақ алмақтың да салмағы бар. Бүгінде жемқор басшылардың он шақтысы қамалды. Енді бөлінетін қомақты қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін заң жүзінде тосқауыл қою керек. Мәжіліс төрағасы жауапты министрлікке тиісті тапсырма жүктеді. Ал ведомства басшысы ауыл шаруашылығын субсидиялаудың бірыңғай жүйесі іске қосылатынын жеткізді. Бұл платформаға қосылу тегін. Бұған дейін ақы төлеу керек болатын. Енді қағазбастылық та азаяды. Өйткені талап етілетін анықтамалар саны қысқармақ. Бастысы бұл жүйе бәріне бірдей қолжетімді. Тіпті шағын және ұсақ шаруа қожалықтары да қатыса алады. Шаруалар мен жауапты сала мамандарының талқысына салынып, түзіліп жатқан құжат жобасы наурыз айының соңына қарай дайын болатынын айтты министр.