Boeing техникалық орталықтарын Қазақстанда орналастыруы мүмкін

Boeing техникалық орталықтарын Қазақстанда орналастыруы мүмкін
Aviation EXplorer

ИИДМ Boeing компаниясымен тренажерлік және техникалық орталықтарды Қазақстанда орналастыру мүмкіндігін талқылады.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Boeing компаниясының вице-президенті Монте Фрейзермен кездесу өткізді. Кездесуде Boeing 737 MAX және 787 Dreamliner әуе кемелерін Air Astana және SCAT әуе компанияларына жеткізу мәселелері талқыланды.

ҚР ИИДМ мәліметінше, Т.Ластаев пен М.Фрейзер ҚР мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу, сондай-ақ Қазақстанда Boeing компаниясының жаттығу және техникалық орталықтарын орналастыру мүмкіндігіне қатысты мәселелерді талқылады.

«Екі тарап Boeing компаниясының АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FAA) Ұшу қауіпсіздігін халықаралық бағалауынан (IASA) жедел өту үшін Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне өтеусіз техникалық көмек беру және ҚР мен АҚШ арасындағы тікелей рейсті іске қосу үшін CAT1 мәртебесін алу туралы уағдаласты», – делінген мәліметте.

Әлемдік тәжірибені негізге алатын болсақ, арнайы консалтингтік компаниялардың техникалық тұрғыдан қолдау көрсетуінің орташа құны шамамен $2-2,5 млн құрайды. Қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде биыл мамыр айының үшінші онкүндігінде Boeing мамандары Нұр-Сұлтан қаласына келеді.

Сонымен қатар кездесуге қатысушылар Қазақстанда азаматтық авиация саласындағы жас таланттарға арналған Boeing компаниясының арнайы оқыту бағдарламасын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізді.