Әзербайжан - Армения келіссөзіне қатысушылар Қазақстанға алғыс білдірді

Тұрақты кездесулер Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға септігін тигізіп, бейбіт келісімге келуді бір табан жақындата түседі.

Алматыда басталған қос ел арасындағы келіссөздерге қатысушы тараптар осындай пікірде. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Екі елдің бейбіт келісім жасасуға деген ұмтылысын құптаймыз. Қазақстан  барынша көмек көрсетуге және игі қызметтер миссиясын өз мойнына алуға, яғни екі ел арасындағы келіссөздер үшін платформа ұсынуға дайын» екенін айтқан. Қол жеткен уағдаластықтарға сәйкес Алматыдағы Достық үйінде Әзербайжан және Армения Сыртқы істер министрлері кездесті. Келіссөздерді 60-тан астам журналист бақылады. Олардың жартысы шетелдіктер.

Келіссөздерге  Әзербайжан мен Армения Сыртқы істер министрлері Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян келді. Келіссөздер тек екі ел арасында өтеді. Қос тараптың мәмілеге келуі тұтас аймаққа тиімді әрі Қазақстан дипломатиясының дамуына да оң әсерін тигізері сөзсіз. Бұл ретте келіссөздер 1991 жылы Алматы декларациясы қабылданған залда өтіп жатқанын жақсы ырымға балауға болады. Сол жылы Кеңес Одағы ыдырығаннан кейін пайда болған республикалардың шекаралары осы тарихи құжатта нақтыланып, шегенделген еді.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі: 

«Алматыда ТМД елдернің болашағын айқындаған тарихи шешімдер қабылданды. Соған мысал 11 республика басшысы қол қойған Алматы Декларациясы. Бұл құжат тәуелсіз елдердің шекараларын бекітті. Сол себепті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіссөзді Алматыда өткізу  ұсынысының мәні бөлек. Бұл бастаманы Армения мен Әзербайжан қолдағанына ризашлык білдіреміз». 

Күн тәртібінде көршілес елдер арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас, Оңтүстік Кавказ аймағында бейбітшілікті орнату мәселесі талқыланды. Алатау төрінде жүздескен министрлер Қазақстан тарапына алғыстарын білдірді.

Джейхун Байрамов, Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі:

«Осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізудің маңызы зор. Соңғы рет қос делегация екі ай бұрын Берлинде кездескен. Сол кезде тараптар бірқатар құжатқа қол қойды. Бейбітшілік орнату туралы көптеген пікір айтылды».

Арарат Мирзоян, Армения Республикасының Сыртқы істер министрі:

«Осы кездесуді ұйымдастыруға себепкер болған Қазақстан тарапына айтар алғысымыз шексіз. Қазақстан екі ел арасында ынтымақтастық орнағанын, Оңтүстік Кавказда ұзақмерзімді бейбітшілік болғанын қалайды. Армения бұл ұмтылысты жоғары бағалайды. Кезекті келісссөз раундын ұйымдастырған Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылық білдіреді». 

Егер кездесу ойдағыдай өтіп, татулыққа қол жетсе  Оңтүстік Кавказдағы делимитация мәселесінде қалыптасқан жағдай жақсару мүмкін. Бұл ретте Қазақстан Транскаспий мультимодальді  көлік дәлізін дамытуға мүдделі. Ол  Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы тауар айналымында жаңа бағыт болмақ. Сондықтан Баку мен Ереван арасындағы жағдайдың жақсарғаны керек.

А.Садуақас. Р.Жақыпов, В.Лобанов