Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жобалары жемісін беріп жатыр

Ақмола облысындағы агроөнеркәсіптік кешен арнайы жол картасы аясында дамиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған жалпы құны 266 млрд теңгеден асатын 48 ірі инвестициялық жоба кірген. Оның 16-сы биыл жүзеге асуға тиіс. Құзырлы мамандардың айтуынша, бес жылда өңірде қосымша 5000 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Агроөнеркәсіптік кешен аясында былтыр жүзеге асырылған 10 инвестициялық жобаның бірі. Бұланды ауданындағы алпауыт май зауыты. Жоба құны 6 млрд теңгеден асады. Кәсіпорын ашылғалы 3000 тонна майлы дақыл өңделген. Өндірісті кеңейтуге мемлекеттен 624 млн теңге субсидия бөлінді. 

Олег Кудрявцев, кәсіпорын басшысының орынбасары:

– Қазір тәулігіне 250-300 тонна шикізатты өңдеп жатырмыз. Экстракциялау цехын іске қосқан соң, толық қуатқа көшеміз. Яғни күніне 600 тоннаға дейін өнім өңделеді. Кәсіпорын түгелдей автоматтандырылған. Соған қарамастан, 50 адамды жұмыспен қамтыдық.

Өңделген өнімдер ішкі нарықтан бөлек, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Италияға жөнелтіледі. Ақмола облысында биыл экспорттық әлеуеті зор 16 кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Оның жалпы құны 16 млрд теңгеге жуықтайды.

Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынасы басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 80-нен аса кәсіпорын бар. Жыл басынан бері онда 52 млрд теңгенің өнімі өңделді. Ұлттық жоба шеңберінде елде 5000 тұрақты жұмыс орны ашылады. Маусымдық жұмыстарға қосымша 21 мың адамды қамтимыз.

АӨК дамыту бойынша ұлттық жоба 8 бағытты қамтиды. Ол арқылы 2025 жылға дейін шикі сүт өндірісі жылына 43 мың тоннаға, ет 52 мың, өсімдік майы 180 мың, тауарлы балық өндіріс 5,5 тоннаға ұлғаяды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт