«Шымкент өнімдері» байқауы ашық аспан астында ұйымдастырылды

Шымкенттік жетпістен астам тауар өндіруші кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысудан үмітті. Бүгін шаһар экономикасының тірегіне айналған өңдеуші сала жетекшілері көрмеге өз өнімін шығарды. Олардың арасында құрылғанына енді ғана 1 жыл толған жаңа өндіріс орындары мен бәсекеге қабілетті кәсіпорындар жетерлік.

Дәстүрлі жалғасын тапқан «Шымкент өнімдері» байқауы бұл жолы ашық аспан астында ұйымдастырылды. Ісі ілгері басып, қала экономикасын түрлендіріп отырған сала жетекшілері өз өнімдерін қаз-қатар тізілген павильонға шығарып, тұрғындарға таныстырды. Азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен құрылыс индустриясы қамтылды.

Береке Дүйсебеков, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Шымкент қаласында 700-ден астам өндіруші кәсіпорын жұмыс жасайды. Былтырғы жылдың қорытындысында 40%-тен асып отыр ішкі өнімнің үлесі шағын және орта кәсіпкерлік саласында. Бұл тек біздің жеткен межеміз емес. Біз биылғы жылы оны 50%-тен асырамыз деп мақсат қойып отырмыз. 

Көрмеде ағаш өңдеу мен жиһаз өнеркәсібін игергендер бұл саланың даму көрсеткіші қарқын алды дейді. Солардың бірі жергілікті үш жүз адамды жұмыспен қамтып отыр. Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорын нарықта бәсекелестік күшейіп, сапа мен баға шетелдік импортты азайтқанын айтады. 

Нұрсұлтан Сақ, "Р.А.М" ЖШС өкілі:

- Қонақ үйлерді біз толығымен есік, қабырға қаптағыштары, ас үй жиһазымен  қамтамасыз етеміз. Жиһаз 0-ден бастап 100% -ке дейін дайындалып шығарылады.

Көрмеге алғаш рет оннан астам жаңа компания қатысып отыр. Арасында шағын және орта бизнес өкілдері де бар. Тәуелсіз сарапшылар мен сараптамалық комиссия өкілдері үш аталым бойынша үздіктерді анықтайды. 

Нұрлан Қабыштаев, қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы:

- «Үздік азық-түлік тауары», «Үздік өндірістік тауар» және «Үздік халыққа арналған тауар» деген үш номинацияда үш орын болады. Осы көрмеде барлық мемлекеттік жасалып жатқан қолдау шараларының нәтижесін көруге болады.

Кәсіпкерлердің көрмесі үш күн бойы жалғасады. Жеңімпаздарға Қазақстанның ең үздік тауар өндірушілері байқауына жолдама беріледі. Қала күніне орай ұйымдастырылған шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов