Өскеменде «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі өтті

Өскеменде Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы тауар өндірушілердің дәстүрлі көрме-конкурсы ұйымдастырылды. Оған 70-тен астам отандық өндірушілер қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен шараға қатысқан әрбір компания өз мүмкіндіктерін жарнамалап, ел назарын аударуға тырысты. Ал көрмеге келушілер дәл сол жерде өздеріне ұнаған тауарларды сатып алып,сапасына баға бере алды. Елдің шығысындағы екі облыстың ең үздік өндірушілері ұсынған тауар жиналғандарды расымен де таң қалдырды. Семейдің тоқыма мата бұйымдары, Алтайдың тіл үйірер балы, сонымен қатар өнеркәсіптік өнімдердің түр-түрі кездеседі.Бәрінің сапасына сәні сай. Мәселен «SP JET»  компаниясы машина құрастыру саласына, тау кен өндірісіне ауадай қажет бөлшектерді әп-сәтте жасап бере алады.

Александр Стракатов, «SP JET» ЖШС директоры:

Батыстағы технологияны бізден таба аласыздар. Бар айырмашылығымыз, біз осы жерде өндіреміз. Шет елден бір ай күтетін бөлшекті бір күн ішінде жасап береміз.

Қатысушылардың қатарынан оқ бойы озық шыққандардың бірі – Семейдің медициналық жабдық жасау мекемесі. Олардың қолынан өндірілген тот баспайтын берік металдан жасалған мына жуыну құралы әрбір емханаға керек. 

Насихат Исабаева, «Терра Вита» ЖШС директоры:

– Мысалы, емхана салынатын болса, сол емхананы басынан аяғына дейін медиуна саласына кеңірек жиһазбен қамти аламыз.

Конкурста шағын бизнес өкілдері де аса белсенді болды. Келушілер тәтті дәмділерден ауыз тиіп, тіпті жергілікті су қоймасында мекен ететін балық түрлерін сатып алуға мүмкіндік алды.

Шәкәрім Бұқтұғұтов, ШҚО әкімінің орынбасары:

Соңғы 5 жылда шағын бизнестің үлесі 16 проценттен 20 процентке дейін өсті. Яғни әрбір бесінші өнім шағын және орта бизнес өкілдерінің  қолынан шығады.

Айта кеткен жөн осыған дейін облыстың 6 кәсіпорны республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанған болатын.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин