Шәйхана мен қонақүйді күре жолдың кез келген тұсына салуға болмайтын болып шықты

Атырау облысында ауыл кәсіпкері 2-3 жыл тер төгіп салған жол бойындағы бизнес нысанын іске қоса алмай отыр. «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» күре жолының құрылысы басталғалы жол бойындағы бизнестің тынысы кеңейеді деп күтілген еді. Аталған автомагистральдің алғашқы шақырымдары төселген соң ауыл кәсіпкерлері жаппай шайханалар мен қонақүй құрылысын қолға алған. Алайда жолаушыларға қызмет көрсету екінің біріне бұйырмайтын бақ болып шықты. Себебі халықаралық маңызы бар автомагистральдің кез келген жеріне тоқтап, түсуге болмайды екен. Енді стандарттарға сай келмейтін жол бойындағы кейбір нысан сүріліп кетуі мүмкін.

Ақтөбе облысымен шекарада орналасқан Сағыз ауылы тоғыз жолдың торабында тұр. Бұл арадан Атыраудың ондаған елді мекенін басып өтіп, облыс орталығы арқылы Ресейге шығуға болады. Сондай-ақ солтүстікке бұрылсаңыз, Миялы ауылы арқылы Индер, Махамбет аудандарына жетесіз. Сонан ба, күре жолда көлік ағыны күні-түні толас таппайды. Ал осынша жүргіншіге ас ішіп, дем алатын орын әбден керек. Табыс көзін тамыршыдай тап баса білген сағыздық кәсіпкер Мұрат Көптілеуов 2020 жылы осы ғимараттың құрылысын қолға алыпты. Айдалада бой көтерген ғимаратта жолаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Тіпті көлік тоқтайтын автотұрақ та бар. Тек сол жерге жету үшін күре жолдан түсетін 80 метр жерге рұқсат ала алмай сандалып жүр.

Мұрат Көптілеуов, ауыл кәсіпкері:

- Мердігер компанияның айтуына қарағанда, кірме жол талапқа сай салынбаса, мына шайханаға рұқсат бермеуге дейін барып тұр. Кешегі сметалық құны бойынша есептесем 30 млн үстінде қаржым кетті. Енді бұл жеке шаруам болғасын барынша сапалы салып үлгіріп жатырмын. Енді мына кірме жолдың мәселесі қиындық туғызып тұр. Бұзып тастауы да мүмкін.

Бүгінде кәсіпкер өз күшімен кірме жолдың табанын дайындап қойыпты. Енді оны асфальтпен қаптап стандартқа келтіру үшін тағы 20 млн теңге керек екен. Кәсіпкер қаражат табамын деп отыр. Оған керегі рұқсат ғана. Ал билік басындағылар бұған біздің құзіретіміз жүрмейді дейді. 

Зинеш Сарбөпиева, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Енді ол жөнінде әкімдік тарапынан облысқа, «Қазавтожолға» да, бәріне хаттар жолданып, біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Себебі үлкен шығынды қажет ететін дүние, себебі 30-дың үстінде нысан болса, ол үлкен шығын. Оның өзінің белгіленген жобаменен жері бар. Түсетін манағы сьезд осы нысанның тұсынан қаралмаған. Оны жасатқымыз келді аудан әкімдігі тарапынан, бірақ әзір қолымыз жетпей отыр. 

Автомагистралдің Қызылқоға ауданын басып өтетін бөлігінен осындай 32 нысан бой көтеруі тиіс. Көпшілігі салынып қойылған. Бірақ құжаттары дұрыс болмағандықтан оның қаншасы сүріліп кететіні белгісіз.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов