Баянауыл фермерлері несиені қолжетімді етуді сұрап отыр

Баянауыл фермерлері несиені қолжетімді етуді сұрап отыр

Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Ұзынбұлақ ауылының фермерлері шаруаларға берілетін несиені қолжетімді етуді сұрап отыр.

"Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінетін субсидия арттырылса", - дейді.

Осы және өзге мәселелерді тұрғындар «Аманат» партиясының мүшелерімен кездесуде айтты. Мобильді қабылдау бөлімдері қазір ауыл-аймақтарды аралап жүр. Шаруалар шөп шабу маусымындағы жанармай қымбатшылығы мен сапасыз жол мәселелерін тезірек шешуді сұрады. Әсіресе Ұзынбұлақ пен Мұса Шорманов ауылдарын жалғайтын жолдың жағдайы жергілікті халықты қынжылтады. Баянауыл аудандық мәслихатының хатшысы Темірболат Қасен аталған учаске 2024 жылы жөнделетінін жеткізді.

Темірболат Қасен, Баянауыл аудандық мәслихатының хатшысы:

- Ақши ауылы бойынша бірнеше мәселе көтерілді, барлығын өзекті деп есептеймін. Елді мекенде 9 жылдық мектеп бар, 70-тен аса бала оқып отыр. 1980 жылы салынған мектеп, бірақ өкінішке орай, спортзалы болмай тұр.

Ал Түркістан облысының Жібек Жолы ауылында балалар үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, 640 орынға шақталған мектепте мыңнан аса оқушы білім алуда. Партия өкілдерімен кездесуде қозғалған тағы бір мәселе – Түлкібас ауданы Машат ауылындағы жайылымдық жер тапшылығы. Бүгінде бұл елді мекенде мыңнан аса отбасы мал бағып отыр, алайда жер жеткізіксіз, дейді жергілікті халық. Бұл аймақта да жол салу, ауыз сумен қамту, фельдшерлік-акушерлік пункт ашу секілді әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары талқыланды.

Айта кетейік, мобильді бригадалар жарты жылда 626 шалғай ауылға барып, 5 мыңнан астам адамды қабылдады.

Азамат Біржанов, "Amanat" партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары:

- Әр мәселенің өзінің шешу жолдары бар, өзінің бюджеті бар. Жаңадағы айтып өткен мектептің мәселесі 2024-2025 жылға дейін созылуы мүмкін. Қазір конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр.