Қазақстан және ЕАЭО тауар айналымы 17 млрд долларға жетті

Премьер-министр Әлихан Смаилов Еуразиялық экономикалық одақ елдерін мемлекеттік сатып алудағы кедергілерді жоюға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиі өзгеретін талаптар кесірінен кәсіпорындар серіктес елдердің мемлекеттік сатып алуларына қатыса алмайды. Әлихан Смайылов бұл мәселелерді Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында айтты. Сондай-ақ ол Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне электронды паспорттардың бірыңғай жүйесін енгізу процесін жеделдетуді және техрегламенттердің бірыңғай базасын қалыптастыруды ұсынды.

Әлихан Смайылов, Қазақстан республикасының Премьер-министрі:

– Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара сауда-саттығы осы жылдың 8 айында $17 млрд-тан асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артық. Жалпы бірлестік құрылған сәттен бастап Қазақстан Одақ елдеріне өңделген өнімнің экспортын 64%-ға ұлғайтты. Оның ішінде номенклатурада дайын тауарлардың үлесі артып келеді. Алдағы жылдары бізге қаржылай және энергетикалық нарықтың жұмысын реттеу үшін құқықтық база құру қажет. Бұл өте маңызды.