Қызылорда облысында 36 мың жұмыс орны ашылады

Қызылорда облысында келер жылы 36 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Әр бос жұмыс орнына электрондық еңбек биржасы арқылы мониторинг жүргізілетін болады. Бұл туралы Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Тамара Дүйсенова облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге өңір активінің отырысын өткізді.

10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру. Бұл – Президент тапсырмасы. Сыр өңірінде айтулы меже 2 есеге асыра орындалған. Яғни жоспардағы 4 жарым мың емес, 10 мыңнан аса адам екі қолға бір күрек ұстаған. Өндіріс орындарында тер төгіп жүрген жұмысшылардың еңбекақысын көбейту мәселелері де оң шешімін тауып отыр.  

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Облыс әкімдігі, жұмыс беруші және облыстық кәсіподақтар орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы 52 ірі және орта кәсіпорындармен меморандумға қол қойдық. Осы жұмыстардың нәтижесінде 8 мыңнан аса жұмысшылардың жалақысы 50 пайызға дейін көтерілді.

Министр Қызылорда өңіріне алдағы 3 жыл ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 43,7 млрд.теңге қаржы қаралғанын жеткізді. Сонымен қатар, әлеуметтік кодекстің артықшылықтары мен отбасының цифрлық картасын енгізу жұмыстарының тиімділігіне тоқталды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- 231 мың отбасы біздің цифрлық картаға сәйкес Қызылорда облысында. Әрқайсысының бүгін қандай дәрежеде екенін, қандай көмек көрсету мүмкіндігі бар екенін бәрін біз қазір ауыл әкімдігіне дейін жеткіздік. Енді сол әрбір отбасымен қандай көмек керек екенін жұмыс істеу үшін жергілікті жердегі әкімшіліктердің құзыретінде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өңірге сапары аясында облыс тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізді. Қызылорда мен Шиелі ауданындағы оңалту орталықтарының жұмысымен танысты. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев